Ақтауда TikTok-та былапыт сөз айтқан әйелге айыппұл салынды

Ulysmedia
pixabay

Ақтауда TikTok желісінде былапыт сөз айтқан әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны кінәлі деп танып, айыппұл салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Lada.kz мәліметінше, Ақтаудың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, іс ұсақ бұзақылық туралы бап бойынша қаралған.

Сот дерегіне сәйкес, биыл шілдеде әйел TikTok-тағы парақшасына видео жариялаған. Онда оқырмандарының бірінің пікіріне жауап беріп жатып, денесінің кей тұстарын көрсетіп, былапыт сөздер айтқан.

Сот мұндай әрекетті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу деп бағалады.

Сот қандай шешім шығарды?

Істі қарау кезінде әйел өз кінәсін толық мойындап, енді мұндай жазба жарияламайтынын айтты.

Сот Ақтау тұрғынын кінәлі деп танып, оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды.

Заң бойынша мұндай құқықбұзушылық үшін қоғамдық жұмысқа тарту немесе әкімшілік қамау да тағайындалуы мүмкін. Алайда бұл жолы сот ақшалай айыппұлмен шектелді.