Маңғыстау облысында құтқарушылар 22 жастағы қызға көмектесті. Теңізде демалып жүргенде оны жағадан алысқа ағыс алып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Оқиға Жаңаөзеннен 71 шақырым жерде орналасқан «Кендірлі» демалыс базасының маңында болған.
ТЖМ мәліметінше, 2004 жылы туған қыз үрлемелі шеңбермен суға түскен кезде жел оны жағадан шамамен 200 метр қашыққа алып кеткен.
Құтқарушылар көмекке келді
Хабар түскен бойда жедел-құтқару жасағының қызметкерлері оқиға орнына дереу аттанған.
Олар қызды теңізден тауып, аман-есен жағаға жеткізді.
Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Ведомство өкілдері қатты жел кезінде ашық су айдындарында үрлемелі шеңбер мен матрас қолдану қауіпті екенін ескертті.
Құтқарушылар демалушыларды судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өміріне қатер төндірмеуге шақырды.