Пашинян Армения премьер-министрі қызметіне қайта ұсынылды

Ulysmedia
Facebook

Арменияның биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы Никол Пашинянды премьер-министр қызметіне қайта ұсынды. Енді оның кандидатурасын ел президенті Ваагн Хачатурян бекітуі керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бүгін, 2 тамызда Пашинян үкіметтің отставкаға кеткенін мәлімдеді. Бұл жаңа құрамдағы парламенттің алғашқы отырысы өткен күні болды және Армения Конституциясында көзделген рәсім саналады.

Үкімет басшысы тиісті өтінішке қол қойып, оны президентке жолдады.

Жаңа министрлер кабинеті жасақталғанға дейін қазіргі министрлер өз міндетін атқара береді.

Пашинян қызметінде қалуы мүмкін

Заңға сәйкес, президент парламенттегі көпшілік ұсынған кандидатты премьер-министр етіп тағайындауға тиіс.

Пашинянның партиясы Ұлттық жиналыстағы басымдықты сақтап қалғандықтан, оның қайта тағайындалуы іс жүзінде шешілген мәселе деп бағаланып отыр.

Контекст

Еске салайық, маусымда өткен парламент сайлауында «Азаматтық келісім» партиясы 49,7 пайыздан астам дауыс жинады.

Бұл нәтиже жаңа үкіметті өз бетінше жасақтауға жеткілікті.

Екінші орынды кәсіпкер Самвел Карапетянмен байланысты «Күшті Армения» партиясы иеленді. Ол шамамен 23,3 пайыз дауыс алды.

Ал бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9,9 пайыздан астам дауыс жинады.