Қазақстан мұнайын Каспий құбыр консорциумының Новороссийск маңындағы теңіз терминалы арқылы танкерлермен экспорттау қайта жанданды. Алайда дрондардың жаңа шабуыл жасау қаупі әлі де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАУІП ӘЛІ ДЕ БАР
Bloomberg мәліметінше, кейінгі бірнеше күнде КҚК терминалында төрт танкер Қазақстан мұнайын тиеген. Тағы кемінде үш кеме мұнай тиеуді күтіп тұрған.
Қазақстан мұнайының КҚК арқылы экспортталуының қайта жандануы әлемдік нарықтағы қысымды азайтуға мүмкіндік береді. Қалыпты жағдайда консорциум инфрақұрылымы арқылы әлемдегі мұнайдың шамамен 2%-ы тасымалданады. Ал Қазақстан Еуропаға көмірсутек жеткізудегі көлемі бойынша екінші орында тұрған ел. Сондықтан бұл бағыттың маңызы зор.
Соған қарамастан, Қара теңізде танкерлерге дрондар шабуылының қайталану қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты көптеген компания кемелерін КҚК терминалына жіберуге құлықсыз.
Bloomberg салалық дереккөздерге сілтеме жасап:
– Қазақстан демалыс күндері мұнай өндіруші компаниялар мұнайын терминалға жеткізуді жалғастырып жатқанын, алайда көлемі әдеттегіден төмен екенін хабарлады. Теңіз терминалы жұмысқа дайын және шабуылдарға дейінгі көлемде мұнай тиеуге қауқарлы. Алайда экспорт қарқыны танкерлердің қолжетімділігі мен ауа райы жағдайына байланысты, – деп жазды.
ТАНКЕРЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛДАР
Кейінгі бір айда КТК терминалына мұнай тиеу үшін бет алған тоғыз кемеге дрондар шабуыл жасаған.
Осы бағыт бойынша мұнай тасымалдайтын танкерді жалдау құны екі есеге жуық өсіп, тәулігіне 338 мың долларға жетті.