Сыртқы істер министрлігі Грекияда мигранттарды заңсыз тасымалдағаны үшін жаза өтеп жатқан қазақстандықтың ісіне қатысты түсінік берді. Қазіргі уақытта дипломаттар оған қажетті көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Министрлік мәліметінше, Қазақстан азаматы Грекия сотының шешімімен мигранттарды заңсыз тасымалдауға қатысты бап бойынша сотталған.
Грекия заңнамасына сәйкес, мұндай әрекет ауыр қылмыс саналады.
– Грекиядағы қазақстандық дипломаттар өз құзыреті бойынша азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
ІС БОЙЫНША НЕ БЕЛГІЛІ?
Бұған дейін Ақтөбеде тұратын 24 жастағы азаматтың анасы ұлының Instagram желісіндегі хабарландыруға сеніп, жұмыс істеу үшін Түркияға кеткенін айтқан еді.
Әйелдің сөзінше, кейін оны Грекияға заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне араластырған. Соның салдарынан ер адам ұсталып, сотталған.
– Ол бұл схеманы ұйымдастырған адам емес, тек басқа адамдардың тапсырмасын орындаған. Сот процесі кезінде оған аудармашы берілмеген, сондықтан ол құжаттардың мазмұнын түсінбей қол қойған, – деген еді азаматтың анасы.
Грекия соты қазақстандыққа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сонымен қатар оған жалпы көлемі 125 жылға тең қосымша жаза және ірі көлемде айыппұл салынған.