Кеме бортында 22 теңізші болған. Олардың төртеуі жарақат алған. Киев әзірше болған жағдайға қатысты түсінік берген жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Көкөніс пен жеміс-жидек тасымалдаған түркиялық NADEZHDA жүк кемесі Новороссийск жағалауында дрондардың шабуылынан кейін өртенген. Капитан шабуылға Украина жауапты екенін мәлімдеді.
Түркияның İhlas Haber Ajansı агенттігінің мәліметінше, кеме Самсун мен Новороссийск арасында қатынаған. Түркия уақытымен шамамен сағат 16:30-да оған дрондар шабуыл жасаған. Соққыдан кейін кемеде өрт шыққан. Төрт экипаж мүшесі зардап шеккен, олардың үшеуі – Түркия азаматы.
– Экипаждың барлық мүшесі тірі, алайда жараланғандар бар. Өртті өз күшімізбен сөндіруге тырыстық. Қайтадан шабуыл жасалу қаупіне байланысты әскерилердің кемеге жақындауы қиын болды, – деді капитан Ялчын Шахин.
АНКАРАНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Түркияның Теңіз істері жөніндегі бас басқармасы кемеде 22 адам болғанын, оның ішінде 13-і Түркия азаматы екенін хабарлады. Дрондардың шабуылынан кейін кеменің тұрғын бөлмелері мен тұмсық бөлігі зақымданған.
Теңізшілер Новороссийск портына эвакуацияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен үш адамның жағдайы ауыр.
Украина бұған дейін NADEZHDA кемесін санкциялық тізімге енгізген. Киев кемені басып алынған Бердянск, Керчь және Севастополь порттарынан астық тасымалдады деп айыптаған. Кеме Ресейдің Қара теңіздегі порттары мен Түркияның Самсун порты арасында да қатынаған.
КОНТЕКСТ
Каспий теңізіндегі мұнай терминалдары маңындағы танкерлерге жасалған бірқатар шабуылдан кейін Қазақстан мұнай экспорттаудың қосымша бағыттарын іздеуге мәжбүр болды.
Теңгіз кен орнынан өндірілген мұнайдың бір бөлігі теміржол арқылы Грузияның Батуми портына жеткізіліп, одан әрі теңіз арқылы тасымалдана бастады.
Сонымен қатар 1 тамызда Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының жұмысы толық тоқтамайтынын мәлімдеді. Ведомство мұнай құбыры жұмысын жалғастырып жатқанын және мұнай айдау көлемі біртіндеп артып келе жатқанын атап өтті.