Тойда уағыз айтқан жетісайлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының сөздерінен діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілерін анықтау бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған уағыздан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жетісайлық тұрғынның сөздерінен діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері байқалған. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы әркімге жынысына, шығу тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және басқа да мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының тең болуына кепілдік береді. Адамның қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік және өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеу, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікті бұзуы мүмкін әрекеттерге жол берілмейді. Сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайды. Заң бұзушылық белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге принципті құқықтық баға беріледі, – деді ІІМ.

Контекст

Еске салайық, Жетісайда өткен отбасылық жиында ер адам музыканы «харам» деп атап, әншілерді «шайтанның азаншысы» деген. Сонымен қатар ол әйелдерге қатысты да қорлайтын сөздер айтқан. Атап айтқанда, «әйелдер бөлек отыруы керек» деген пікір білдірген.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасаған еді. ҚМДБ ислам дінінде музыканың барлығына бірдей тыйым салынбағанын атап өтті. Сонымен бірге өнер саласының өкілдерін қорлауға және осындай сөздер арқылы әйелдерді кемсітуге жол берілмейтінін мәлімдеді.