Ақтөбеде олигархтардан қайтарылған қаржыға су құбыры салынады

Ulysmedia
ашық дереккөз

Ақтөбе облысында ауыз су инфрақұрылымын дамытуға қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қаражат Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға бағытталады. Жоба Ақтөбе қаласындағы Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады. Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

– Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе қаласының тұрғындары, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендер тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде облыс орталығының қарқынды дамып жатқан аудандарының өсіп келе жатқан сұранысын өтеу үшін тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады. Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті, – делінген хабарламада.

Жалпы, 2024-2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 610 млрд теңгеден асатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 226,5 млрд теңгеге 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бас прокуратурасы мемлекетке жалпы сомасы 1,076 трлн теңгеден асатын активтердің қайтарылғанын мәлімдеген еді. Жалпы алғанда, мүлік пен қаржыны қайтару бойынша 1,3 трлн теңгеден астам сомаға шаралар қабылданған.