Қазақстандық саяхатшы Қырғызстан полициясына шағымданып, Жапаровқа үндеу жасады

Ulysmedia
Primeminster.kz

Қазақстандық саяхатшы Марат Садықов Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа видеоүндеу жасады. Оның айтуынша, Қазақстанмен шекарада қырғыз милиция қызметкері одан ақша талап еткен,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Марат Садықов 36 күндік автосаяхаттан кейін елге қайтып келе жатқанда, «Қордай» өткізу пунктіне жетпей өзін тоқтатқанын айтты.

— Ол өзін таныстырмады, құжаттарымды талап етті. Кейін менен мін іздей бастады. Ақырында көліктің есігіне қолын созып, ақша сұрағандай ишара жасады. Қатты шаршаған едім, қалтамда қалған сомды беріп, әрі қарай жүріп кеттім, — деді саяхатшы.

Оның сөзінше, сапар барысында үш елді аралаған және еш жерде мұндай жағдайға тап болмаған.

Садықов Қырғызстан президентінен жол полициясының жұмысына назар аударуды сұрады.

– Осы мәселені мұқият тексеруіңізді өтінемін. Әп-әдемі республикаңыздың абыройына көлеңке түсірмесе екен, – деді ол.

Саяхатшы өз сөзін растайтын ешқандай дәлел келтірмеді.

Видеоның астында қызу пікірталас өрбіді. Қырғызстанның кейбір тұрғындары Қазақстанда да жүргізушілер осындай мәселелерге тап болатынын жазған.