Алаяқтар қазақстандықтарға 2 млрд теңгеге жуық несие рәсімдеген

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Ақмола облысында азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, олардың атына шамамен 2 млрд теңге көлемінде несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 мүшесі сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ақмола облысының мамандандырылған прокурорлары аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтаған.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланғаны анықталды. Олар алдау арқылы екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеген.

Қылмыстық әрекеттер салдарынан келтірілген жалпы материалдық залал шамамен 2 млрд теңге болды.

21 адам сотталды

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 тамыздағы үкімімен барлық 21 сотталушы кінәлі деп танылды.

Оларға 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның ішінде Алматыдағы пәтерлер, сондай-ақ Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry маркалы автокөліктер және өзге де қымбат көлік құралдары бар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.