Каспий құбыр консорциумы (КҚК) танкерлерге жасалып жатқан шабуылдар мен кемелер санының аздығына байланысты қазақстандық мұнай экспорты тағы үзілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Reuters агенттігінің мәліметінше, КҚК осы аптада қауіпсіздік мақсатында және мұнай тиеуге арналған танкерлердің тапшылығына байланысты жұмысын бірнеше рет тоқтатқан.
Шілде айының ортасынан бері қазақстандық мұнай экспортының негізгі бағыты бойынша тасымал бірнеше рет үзілді. Бұған Новороссийск маңындағы консорциумның теңіз терминалына жанармай құю үшін бағыт алған кемелерге жасалған дрон шабуылдары себеп болған.
Агенттіктің жазуынша, осы аптада қазақстандық мұнай экспорты қысқа уақытқа ғана қайта жанданып, 5 тамызда тағы тоқтатылған. Бұған негізгі себеп – кеме иелерінің танкерлерін КҚК терминалына жіберіп, қауіпке ұшыратқысы келмейді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, CPC Blend мұнайын сатумен айналысатын трейдерлердің бірі бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін ғана алдағы апталарда мұнай тиеуге дайын танкер тапқан.
Энергетика министрлігі түсінік бермеді
Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі КҚК жұмысының толық тоқтатылуы қарастырылып отырмағанын және жағдай бақылауда екенін мәлімдеген.
Консорциумның өзі қазіргі жағдайға қатысты түсінік берген жоқ.