Қостанайда тұрғындарды несиеге батырған алаяқтың 1 млрд теңгеден астам мүлкі тәркіленді

Ulysmedia
ЖИ/ Ulysmedia

Қостанай облысында лицензиясыз микрокредит беріп, азаматтарды тиімсіз қарыз шарттарына кіргізген тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті анықтағандай, ол тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге қою арқылы қарыз беру қызметін ұйымдастырған. Клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнама орналастырған. Ол банктен несие ала алмай жүрген және қиын материалдық жағдайдағы азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген.

Қарыз сомасын бірнеше есе өсірген

Тергеу барысында нотариус куәландырған шарттарда азаматтарға нақты берілген ақша емес, алдын ала есептелген сыйақы, рәсімдеу шығындары және басқа да төлемдер қосылған сомалар көрсетілгені анықталды.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 млн теңге алған. Алайда шартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін оның атына 18 млн теңге қарызды көздейтін тағы бір шарт жасалған. Бірақ бұл шарт бойынша азаматқа ешқандай ақша берілмеген.

Соған қарамастан, кейін сот шешімімен жәбірленушіден 26 млн теңге өндірілген. Заңсыз қызметтің салдарынан 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз қарыз міндеттемелеріне тартылған.

1 млрд теңгеден астам кіріс тапқан

Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 1 млрд теңгеден асқан. Сот айыпталушыны 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер учаскесі және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe көліктері мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.