Қазақстанда кімдер 2,4 млн теңге жалақы күтеді

Ulysmedia
Pixabay.com

2026 жылғы шілдеде Қазақстанда жұмыс іздеушілер Enbek.kz электрондық еңбек биржасына 141,2 мың түйіндеме орналастырды. Бұл маусым айымен салыстырғанда 11,5%-ға көп. Ал жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жариялаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Маусыммен салыстырғанда шілдеде бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайған. Бұл жаз мезгіліндегі еңбек нарығының маусымдық ерекшелігімен байланысты. Осы кезеңде оқу орындарының түлектері еңбек нарығына белсенді шығып, жұмыс іздеушілер саны артады.

Ең көп маман білім беру саласына қажет

Жұмыс күшіне сұраныс ең жоғары болған сала – білім беру. Мұнда 23,4 мың бос жұмыс орны жарияланған.

Сондай-ақ бос жұмыс орындары:

  • өзге қызметтер көрсету саласында – 16 мың;

  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 10,3 мың;

  • ауыл, орман және балық шаруашылығында – 8,2 мың;

  • өңдеу өнеркәсібінде – 6,8 мың;

  • құрылыста – 5,7 мың.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында – 8,8 мың. Одан кейін Түркістан облысы – 7,6 мың, Павлодар облысы – 7,1 мың, Алматы қаласы – 7 мың және Ақмола облысы – 6,9 мың.

Жұмыс іздеушілердің жартысынан көбі 35 жасқа дейін

Шілдеде жарияланған түйіндемелердің 54%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. 35–44 жастағылардың үлесі – 25%, 45–54 жастағылар – 14%, ал 55 жастан асқандар – 7%.

Гендерлік құрам бойынша түйіндемелердің 57%-ын әйелдер, 43%-ын ерлер орналастырған.

Біліктілік деңгейі бойынша түйіндемелердің 38%-ы орта деңгейдегі мамандарға, 38%-ы жоғары білікті мамандарға, 24%-ы төмен біліктілікті жұмыс іздеушілерге тиесілі.

Ең жоғары жалақыны кімдер күтеді

Шілдеде жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы лауазымына ұсынған – шамамен 1,12 млн теңге.

Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспекторға шамамен 910 мың теңге, маркетинг пен өнімді өткізу бөлімінің бастығы орынбасарына шамамен 900 мың теңге ұсынылған.

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны ұшқыштар күткен – шамамен 2,39 млн теңге. Стюардессалар шамамен 1,43 млн теңге, электр станциясының бастығы лауазымына үміткерлер шамамен 1,32 млн теңге жалақы күткен.