Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды

Ulysmedia
Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстанда 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік грант иегері атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды. Биыл 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл грант конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 14 мыңға көп. Өтініш санының өсуі жоғары білім алуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы ел экономикасының білікті мамандарға деген ұзақ мерзімді сұранысын ескере отырып қалыптастырылған. Оның 60 пайызы елдің индустриялық және технологиялық дамуы үшін маңызды инженерлік және техникалық даярлау бағыттарына бөлінді.

Өңірлерді кадрлармен қамтамасыз етуге де басымдық берілген. «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.

Гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар да сақталды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс гранттар берілді. Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға 1 816 грант қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарында білім алуға да мемлекеттік гранттар бөлінді.

Грант иегерлерінің тізімімен қайдан танысуға болады?

Грант иегерлерінің тізімімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ресурстарынан танысуға болады:

Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәліктері үш жұмыс күні ішінде ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады.

Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.