«Бейбітшілік орнады»: Пашинян АҚШ-тағы саммиттен бір жыл өткен соң Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті

Ulysmedia

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме 8 тамызда, Вашингтонда өткен бейбітшілік саммитіне тура бір жыл толған күні өтті. Сол жиында АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Ереван мен Баку ондаған жылға созылған қақтығысты тоқтатуға бастайтын маңызды қадамдардың бірін жасаған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бейбітшілік орнаған бір жылды талқылады

Пашинян мен Әлиев 2025 жылғы 8 тамыздағы кездесуден кейінгі бір жылдың қорытындысын шығарды.

Сол кезде Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері бейбіт келісім мәтінін алдын ала мақұлдап, ал екі ел басшысы Трамппен бірге бірлескен декларацияға қол қойған.

Телефон әңгімесі кезінде Пашинян мен Әлиев екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа келе бастағанын атап өтіп, бейбітшілік үдерісіндегі АҚШ пен Дональд Трамптың рөліне бөлек тоқталды.

Тараптар экономикалық байланысты да талқылады.

Атап айтқанда, Әзербайжан мұнай өнімдерін Арменияға жеткізу және жүктерді Әзербайжан арқылы Арменияға, сондай-ақ, кері бағытта тасымалдау мәселелері сөз болған.

TRIPP бағытының болашағы қандай?

Әңгімеде TRIPP - «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп жолы» бағыты да сөз болды.

Оны құру Вашингтонда жасалған уағдаластықтардың бір бөлігі болған.

Пашинян бұған дейін жобаны іс жүзінде жүзеге асыру жақын арада басталуға тиіс екенін айтқан.

Оның сөзінше, бұл бағыт Арменияны көлік оқшаулауынан шығаруға және өңірдегі экономикалық байланысты кеңейтуге көмектеседі.

Ереван мен Баку бейбітшілік үдерісі, көлік бағыттары және сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.

«Қақтығыс кезеңі артта қалды»

Вашингтон саммитіне бір жыл толуына орай Пашинян бөлек мәлімдеме жасап, Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты аяқталды деп есептейтінін айтты.

– 2025 жыл бетбұрыс жылы болды: 8 тамызда Вашингтонда біз «Бейбітшілік декларациясы» деп атайтын бірлескен құжатқа қол қойылды. Содан бері Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнады, – деді премьер.

Дегенмен заң жүзінде түпкілікті нүкте әлі қойылған жоқ.

Алдын ала мақұлданған бейбіт келісімге ресми түрде қол қойылып, кейін ратификациялануы керек.

Екі елге ортақ шекараны межелеу жұмысын да жалғастыру қажет.

Пашинян қол жеткізілген бейбітшілік әлі де нәзік екенін ескертіп, тараптар шиеленісті қайта күшейтуі мүмкін әрекеттер мен мәлімдемелерге жол бермеуі керек екенін айтты.

Контекст

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты қақтығыс ондаған жылға созылды.

КСРО ыдырағаннан кейін ол кең ауқымды соғысқа ұласып, 2020 жылы әскери қимылдар қайта басталды.

2023 жылғы қыркүйекте Әзербайжан әскери операция өткізіп, Қарабақты толық бақылауына алды.

Осыдан кейін 100 мыңнан аста аса этникалық армян өңірден кетіп, Арменияға қоныс аударды.

2023 жылғы оқиғалардан кейін Ереван мен Баку бейбіт келісім әзірлеуге ден қойды.

2025 жылғы наурызда тараптар негізгі даулы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келгенін хабарлады.

Шешуші кездесу 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда Дональд Трамптың қатысуымен өтті.

Сол кезде Армения мен Әзербайжан бейбіт келісім мәтінін алдын ала мақұлдады.