«Жеке кездескім келеді»: Ақтауда қайтыс болған жасөспірімнің анасы денсаулық сақтау министріне үндеу жасады

Ulysmedia
Видео кадры

Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова Астанаға келді. Оның 13 жастағы ұлы бірнеше ай емделгеннен кейін қайтыс болған. Әйел денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жеке кездесіп, баласының ісіне қатысты сұрақтарына жауап алғысы келетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Әйелдің айтуынша, ол Астанаға 6 тамызда таңертең ерте ұшып келген. Алайда министрмен кездесудің нақты күні әлі айтылмаған.

- Мүлде кездесе алмаймын ба деп қорқамын. Сондықтан жағдайды жұрт білсін деп осы видеоны түсіруге шешім қабылдадым. Маған алдағы сәрсенбіде нақты жауап береміз деп уәде берді, – деді Азанова.

Бұған дейін оған денсаулық сақтау вице-министрімен кездесу ұсынылған. Алайда әйел одан бас тартқан.

Ол Ақмарал Әлназаровамен жеке сөйлесуді талап етіп отыр.

Қазір Азанова Бурабайда жүр және Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтіп отыр.

Вице-министрдің Маңғыстауға сапарын сынға алды

Азанова денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапарына да қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, шенеунік сапар кезінде өзі сұрақ қойып жүрген бірнеше медициналық мекемеге бармаған.

- Вице-министр облыстық балалар ауруханасына, емханаға және жұқпалы аурулар ауруханасына бармады. Ал барған жерлерінде науқастарды палаталарға қамап қойған. Онда ол не үшін келді?! - деді әйел.

Оның ұлына не болды?

Бұл отбасының оқиғасы 2026 жылғы сәуірде көпшілікке белгілі болды.

Азанованың айтуынша, 13 жастағы ұлының денсаулығы 17 қаңтардан бастап сыр бере бастаған.

Жасөспірімнің іші қатты ауырып, оны аппендицит күдігімен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген.

Бірнеше сағат бақылаудан кейін диагноз расталмай, баланы үйіне жіберген.

Алайда ішінің ауыруы басылмай, дене қызуы көтерілген.

Анасының айтуынша, кейінгі айларда олар дәрігерлерге бірнеше рет жүгінген - емханаға, балалар ауруханасына, жұқпалы аурулар ауруханасына барған. Бірақ ұзақ уақыт бойы нақты диагноз қойылмаған.

Баланы ақыры ауруханаға жатқызып, ота жасағанда соқырішектің жарылып кеткені және инфекцияның құрсақ қуысына таралғаны анықталған.

Дәрігерлер соқырішекті және ішектің едәуір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған.

Ота кезінде жасөспірімнің жүрегі бірнеше рет тоқтап қалған.

19 ақпанда баланы санитарлық авиациямен Алматыға жеткізген. Мұнда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері оның өмірі үшін екі айға жуық күрескен.

13 сәуірде жасөспірім қайтыс болды.

Ұлы қайтыс болғаннан кейін Азанова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жолдаған.

Сол кезде аурухана өкілдері болған жағдайдың мән-жайын құзырлы органдар тексеріп жатқанын хабарлаған.