Қазақстандық туроператор Пусанда өткен оңтүстіккореялық BTS тобының концертіне жалған тур сатқан деп айыпталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
SHOT мәліметінше, зардап шеккендердің арасында ондаған ресейлік бар. Жалпы әртүрлі елден шамамен 100 адам ақшасынан айырылуы мүмкін.
BTS концертіне арналған турдың бағасы шамамен 167 мың рубль, яғни 955 мың теңгеден асқан. Тұтынушылардың айтуынша, бұл ақшаға ұшақ билеті, қонақүй және концертке кіру билеті кірген.
Алайда төлем жасағаннан кейін біреулер Пусанға барған соң қонақүйде бронь жасалмағанын білген. Енді біреулерге концертке берілген билеттер жарамсыз болып шыққан.
Кейбір тұтынушылар сапардан мүлде бас тартқанымен, төлеген ақшасын қайтара алмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, тек ресейліктердің шығыны 2 миллион рубльден асқан. Әртүрлі елдегі тұтынушылардың жалпы шығыны 3,5 миллион рубльден, яғни 20 миллион теңгеден асуы мүмкін.
Blackpink концертінен кейін де осындай шағымдар болған
Зардап шеккендер бұған ұқсас мәселе Blackpink тобының концерттеріне арналған турларда да болғанын айтады.
Тұтынушылар ақшасы төленген қонақүйдің жалған болып шыққанын, жарамсыз билеттер және кері қайту рейстеріне қатысты қиындықтар туралы шағымданған.
Олардың айтуынша, алғашқыда туроператор барлық мәселені шешіп, ақшаны қайтаратынын айтқан. Кейін жауап беруді қойып, кейбір клиенттерді әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған деген ақпарат бар.
BTS - әлемге танымал оңтүстіккореялық топтардың бірі. Оның құрамында RM, Jin, Suga, J-Hope, Jimin, V және Jungkook бар. Топ 2013 жылы құрылған және бүгінде әлем бойынша миллиондаған жанкүйері бар.