KAZ Minerals компаниясында тағы да төтенше жағдай: жұмысшылар эвакуацияланды

Ulysmedia
KAZ Minerals

KAZ Minerals компаниясының бірден екі нысанында екі күн қатарынан өрт шықты. Әуелі Абай облысындағы Орловская шахтасынан жұмысшылар эвакуацияланса, келесі күні Ақтоғай кен орнындағы байыту фабрикасында өрт болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жұмысшыларды түнде жер бетіне шығарған

Орловская шахтасындағы оқиға туралы алғашында Жезкент кентіндегі жергілікті пабликтер жазды. Олардың мәліметінше, шахтада түнде техника өртеніп, электр желісінде қысқа тұйықталу болған. Осыған байланысты жұмыстар тоқтатылып, жұмысшылар жер бетіне шығарылған.

KAZ Minerals компаниясы түтін шыққанын тек 10 тамызда растады. Белгілі болғандай, оқиға 8 тамыз күні кешкі сағат 22:00 шамасында шахтаның оныншы горизонтында болған. Түнгі ауысымдағы жұмысшылар эвакуацияланды.

Шахтаға тау-кен құтқарушылары түсіп, бұрғылау қондырғысының маңында өрт ошағын анықтаған.

– Түтін шығу жедел түрде жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Бұрғылау қондырғысы зақымданған. Алдын ала мәлімет бойынша, түтіннің шығуына электр кабелінің зақымдануы себеп болуы мүмкін, – деп хабарлады KAZ Minerals.

Төтенше жағдайдың нақты себебі әлі анықталып жатыр.

Ақтоғайдағы төтенше жағдай

9 тамызда KAZ Minerals компаниясының тағы бір нысанында өрт шықты. Түскі уақытта Абай облысындағы Ақтоғай кен орнының №1 байыту фабрикасындағы білікті ұсатқыш учаскесі өртенген. Ол кезде нысанда мердігер ұйымның қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Өрттің бастапқы ошағы елеуіштің маңында болған.

Учаскеден 20 адам эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ, түтінге байланысты ешкім медициналық көмекке жүгінбеген. Ашық от сөндірілді.

KAZ Minerals оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Әзірше өрттің қандай шығын келтіргені және оның кәсіпорын жұмысына әсер ететіні белгісіз. Компанияның екінші байыту фабрикасы мен тотыққан кенді өңдеу кешені штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Төтенше жағдайлар бірінен соң бірі болып жатыр

Еске салайық, шілде айының басында Орловская шахтасында жұмысшылар мінген көтергіш тоқтап қалған болатын. Сол кезде алты адам зардап шеккен.

Ал сәуір айының соңында бұдан да ауыр оқиға болды. Тау жыныстары опырылып, бір жұмысшы қаза тапса, екіншісі жарақат алды.

Кейінгі айларда KAZ Minerals-тің басқа да кәсіпорындарында қайғылы оқиғалар тіркелді. Мамыр айының соңында Артемьевская шахтасында тау жыныстарының опырылуы салдарынан бір кенші қаза тапты. Бұған дейін аталған кәсіпорында жөндеу жұмыстары кезінде механик биіктіктен құлаған.

Наурыз айында компанияның нысандарының бірінде екі жұмысшы зиянды газдан уланып, олардың бірі көз жұмды.

KAZ Minerals компаниясы 2014 жылы Kazakhmys компаниясының бөлінуінен кейін құрылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компания Қазақстандағы ең ірі жеке компания атанды.

Компания құрамына Бозшакөл және Ақтоғай кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстандағы алтын-мыс Бозымшақ кеніші және Ресейдегі Баимское кен орны кіреді.

Компанияның кірісі 1,63 трлн теңге, ал таза пайдасы 341,8 млрд теңге болды. Оның ең ірі акционері – Қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким.