Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушыдан моральдық зиян үшін 10 млрд теңге өндіріп алуды не себепті талап еткенін түсіндірді. Қыздың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, бұл сома отбасының Нұрайдың өмірін ақшамен бағалауға тырысқаны емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Оның айтуынша, марқұмның отбасы сотталушыға барынша қатаң жаза тағайындалып қана қоймай, оның елеулі материалдық жауапкершілікке тартылғанын да қалайды.
– Өмір бойы осы соманы төлеп өтетіндей болуы керек. Сол себепті үлкен сома болуы керек. Сот үкім шығарғанда қанша соманы бекітетінін өзі біледі. Ал жәбірленуші тарап қанша талап ететінін өзі біледі, сондықтан біз өзіміз дұрыс деп тапқан соманы бекіттік, – деді ол.
Нұрайдың ағасы бұл талапты болашақта жазаның жеңілдетілуі мүмкіндігімен де байланыстырды. Отбасы келтірілген зиян сотталған адам үшін ұзақ уақыт бойы елеулі міндет болып қалуы керек деп есептейді.
– Әлемнің бүкіл ақшасын қосып берсе де, Нұрайдың құнын өтеп бере алмайды. Өйткені біз үшін адам өмірінің бағасы ақшамен есептелмейді, – деп атап өтті Сұлтан Серікбай.
Оның айтуынша, егер талап етілген қаражат өндірілсе, туыстары оны сталкинг мен зорлық-зомбылыққа тап болған қыздарға көмек көрсетуге жұмсамақ.
Отбасы соттан не талап етті?
Сот барысында жәбірленуші тарап екі талап қойды. Оның біріншісі – моральдық зиян үшін 10 млрд теңге өтемақы, екіншісі – 14 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіріп алу.
Іс бойынша айыпталушы – Шерхан Аймахан. Тергеу нұсқасына сәйкес, Нұрай қаза тапқанға дейін ол қызды аңдып, ұрлап әкеткен және оны некеге тұруға мәжбүрлеуге тырысқан. Туыстары араласқаннан кейін үйлену тойы өтпеген. Алайда айыптау нұсқасы бойынша, содан кейін де оның Нұрайды қудалауы тоқтамаған.
Іс материалдарына сәйкес, Аймахан бір күні Нұрайға 76 рет қоңырау шалған.
Іс бойынша не белгілі?
Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Сот-медициналық сараптама оның денесінен 35 пышақ жарақатын анықтаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, жарақаттардың барлығы қыздың көзі тірісінде салынған. Кейбір жарақаттардың тереңдігі 7-8 сантиметрге дейін жеткен.
Сот отырысында Аймаханның ұсталғаннан кейін берген алғашқы жауабы да жарияланды. Сол кезде ол Нұрайға пышақпен соққы жасағанын мойындағанымен, жеті-сегіз соққыны ғана есінде сақтағанын айтқан.
Шерхан Аймаханға адам ұрлау, адам өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру сияқты бірқатар бап бойынша айып тағылған.
Нұрайдың туыстары оған барынша қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр. Іс бойынша тараптардың жарыссөзі 11 тамызға жоспарланған.