Алдағы уақытта теңге өз позициясын сақтап қалуы мүмкін. Ал Ұлттық банк қыркүйек айында базалық мөлшерлемені тағы төмендетуі ықтимал. Дегенмен экономикаға айтарлықтай жеңілдік келуі үшін әлі уақыт керек. Сарапшылардың болжамынша, бір жылдан кейін инфляция 10%-дан жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Доллар бағамы қандай болады?
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген жаңа сауалнамаға қарағанда, нарық қатысушыларының теңгеге қатысты болжамы біршама жақсарған.
Қаржыгерлер қыркүйек айының басында доллар бағамы орта есеппен 480,2 теңге болады деп болжап отыр. Бір ай бұрын олардың болжамы 483,3 теңге болған.
Ал бір жылдан кейін америкалық валютаның бағамы 512,2 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл да алдыңғы болжаммен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бұған дейін сарапшылар доллар бағамы 520,4 теңгеге дейін өседі деп күткен.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, Ұлттық банк шетел валютасын сатуды ұлғайтты. Экспорттаушылар мен квазимемлекеттік компаниялар валюталық түсімдерін теңгеге айырбастап жатыр. Бұған қоса, ірі бизнес тоқсандық салықтарын төлеуге дайындалуда.
Базалық мөлшерлеме қыркүйекте төмендеуі мүмкін
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімін 4 қыркүйекте қабылдайды.
Сауалнамаға қатысқан қаржыгерлердің 60%-ы қазіргі 16,75% мөлшерлеме 16,5%-ға дейін төмендейді деп есептейді. 28%-ы мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деп болжаса, 12%-ы оның өсуі мүмкін екенін айтқан.
– Қазіргі инфляциялық қысымның бәсеңдеуі және жиынтық сұраныстың төмендеуі ақша-кредит саясатын абайлап жұмсартуға мүмкіндік береді, – делінген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында.
Сарапшылар бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендейді деп күтеді. Алайда оны жылдам төмендету әзірше қиын болуы мүмкін. Бұған бағаның әлі де жоғары қарқынмен өсіп жатқаны себеп.
Экономикалық өсімге қатысты болжам жақсарды
Қаржыгерлер Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамын да сәл жақсартқан. Олардың бағалауынша, алдағы 12 айда елдің жалпы ішкі өнімі 4,7%-ға өсуі мүмкін. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 4,6% болады деп болжанған.
Экономиканың өсуіне ірі инфрақұрылымдық жобалар, мұнай өндіру мен экспорт көлемінің қалпына келуі, тасымал саласының дамуы және жаңа өндірістердің іске қосылуы әсер етуі мүмкін.
Ал мұнай бағасына қатысты болжам керісінше төмендеді. Қаржыгерлердің бағалауынша, бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың баррелі шамамен 77,3 доллар болуы мүмкін. Қазір оның бағасы 84 доллар шамасында. Бұған дейінгі болжам 80 доллар болған.