Қазақстанда eGov жүйесі бұзылып, 15 миллион азаматтың деректері тарады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы тиісті министрлік мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ведомство уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталмаған.
Сонымен қатар мамандар darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткізіп, оларды талдаған. Тексеру барысында файлдардың әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталған. Олар eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емес.
Министрлік жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны да бір-біріне сәйкес келмейтінін атап өтті.
Бұдан бөлек, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы мәлімдегендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар басқа технология бойынша қалыптастырылып, сақталады.
«eGov жүйесі бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар өкілдерін де ақпаратты таратпас бұрын мұқият тексеруге шақырды.
Ведомствоның хабарлауынша, darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі ақпараттық жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді. Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, мұндай ақпаратты расталған факт ретінде жарияламас бұрын оның шынайылығын тексеру қажет.
Контекст
Бұған дейін желіде шамамен 15 млн қазақстандықтың деректері бар база сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған. Mash мәліметінше, хабарландыруды shymzz13 лақап атымен тіркелген қолданушы жариялаған. Ол ақпаратты eGov жүйесіндегі осалдық арқылы алғанын мәлімдеген.
Файлдың көлемі шамамен 2,7 ГБ, онда 47 млн жол бар. Базада паспорт деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, құпиясөздер, жұмыс орны туралы мәліметтер және құжаттардың скан-көшірмелері бар делінген.
Сатушы база үшін 0,5 биткоин, яғни шамамен 32 мың доллар сұрап отыр.