Түркі әлемінде елдер арасындағы сапарларды жеңілдететін бастама талқыланып жатыр. Түркия түркі мемлекеттерінің азаматтары бір-біріне шетелдік төлқұжатсыз, жеке куәлікпен қатынай алатын жүйе енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы биліктегі AK Parti төрағасының орынбасары Күршад Зорлу мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мұндай жүйе қазірдің өзінде ішінара жұмыс істеп тұр. Түркия мен Әзербайжан арасында азаматтар жеке куәлікпен саяхаттай алады. Осындай тәртіп Түркия мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы арасында, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзербайжан арасында да қолданылады.
Енді Анкара бұл тәжірибені түркі әлемінің басқа елдеріне де тарату мүмкіндігін қарастырып жатыр.
– Мұны бүкіл түркі әлеміне енгізе аламыз ба? Біз қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді Зорлу.
Егер бастама ұсынылған форматта жүзеге асса, қатысушы елдер арасында сапарға шығу үшін жаңа үлгідегі жеке куәліктің болуы жеткілікті болуы мүмкін.
Қазақстанға визасыз баруға болады
Түркі мемлекеттерінің арасында визалық талаптар қазірдің өзінде айтарлықтай жеңілдетілген. Бірқатар елдің азаматтары Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжанға қысқа мерзімді сапарлар үшін алдын ала виза рәсімдемей бара алады.
Келесі қадам осындай сапарларда шетелдік төлқұжаттан бас тарту болуы мүмкін.
Бұл мәлімдеме түркі мемлекеттері басшыларының ірі кездесуінің қарсаңында жасалды. 2026 жылдың қазан айының соңында Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті өтеді деп жоспарланған.
Зорлудың айтуынша, кездесуге «маңызды шешімдер мен жағымды тосынсыйлар» дайындалып жатыр. Алайда ол нақты қандай келісімдер жасалуы мүмкін екенін ашып айтпады.
Бірнеше елге ортақ музей картасы
Тағы бір бастама ортақ музей картасына қатысты. Оны әзірлеу жұмыстары ілгерілеп келеді. Жоба түркі әлеміндегі музейлер мен тарихи орындарға баруды жеңілдетуге бағытталған. Біртұтас карта туристер үшін мұндай сапарларды ыңғайлы әрі тиімді етпек.
Саяхаттарды қолжетімді еткісі келеді
Түркия түркі мемлекеттері арасындағы туристік ағынды да арттырғысы келеді. Қазір жыл сайын Түркиядан басқа түркі елдеріне шамамен 1 млн адам барады. Ал кері бағыттағы туристік ағын әлдеқайда жоғары – жылына шамамен 3,5 млн адам.
Анкара әуе компанияларымен рейстер санын көбейту және әуе билеттерінің бағасын өзгерту мүмкіндігін талқылап жатыр.
Елдер арасындағы байланыс нығая түспек
Бұл бастама түркі мемлекеттерінің өзара жақындасуы күшейіп отырған тұста қолға алынып отыр. Зорлу Каспий теңізі мен Кавказдан Парсы шығанағына дейінгі бірыңғай көлік және логистикалық желіні дамыту туралы да айтқан.
Түркияда жаңа бағыттар болашақта Орталық Азия елдерін, Кавказды, Түркияны және Таяу Шығысты өзара байланыстырады деп күтеді.