13 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде Telegram мессенджерінің жұмысына қатысты ақау байқалды. Пайдаланушылар хабарламалардың жіберілмей жатқанын және сервистің кейбір функциялары қолжетімсіз екенін айтып шағымданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ақаулар Астана, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Кейін Алматы тұрғындарынан да шағымдар түсе бастаған. Сонымен қатар жаһандық деңгейде Telegram жұмысында жаппай ақау байқалмаған.
Министрлік не дейді?
Осыған байланысты редакция Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүгінді.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Telegram мессенджерінің қолжетімсіздігіне байланысты пайдаланушылардан жекелеген шағымдар түсіп жатыр.
– Техникалық мамандар жағдайды анықтап жатыр, – деп хабарлады ведомство.
Ал «Қазақтелеком» АҚ алдын ала мәлімет бойынша, компанияның жауапкершілік аймағында ешқандай ақау тіркелмегенін хабарлады.
– Мониторинг деректеріне сәйкес, Франкфурт пен Мәскеудегі негізгі халықаралық пиринг нүктелерінде Telegram бағытына қарай трафиктің күрт төмендегені де байқалды. «Қазақтелеком» АҚ-ның жауапкершілік аймағында апаттар, техникалық ақаулар немесе инфрақұрылым жұмысына қатысты ішкі бұзушылықтар тіркелген жоқ. Оператор желісі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – делінген хабарламада.