«Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді»: Мырзабосынов спортшылардың наразылығына жауап берді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Кейінгі уақытта ел спорты бірінен соң бірі туындаған даулардан көз ашпай отыр: кейбір спортшылар қаржыландырудың күрт қысқаруына байланысты өз шағымын ашық айта бастады. ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл мәселелерге Ulysmedia.kz тілшісіне берген жауабында түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Астанада өткен Спорт күніне барған министрден ведомство спортшыларды қаржыландыруын қысқарта бере ме деп сұрадық.

– Ешқандай текетірес жоқ. «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Қазір спорт саласын басқарудың бірыңғай жүйесі қалыптасып жатыр. Федерациялардың жұмысына қойылатын негізгі талаптар да айқындалды. Ең бастысы – өңірлердегі спортты дамыту, балалар спортын қолдау және осы бағыттардағы нәтижеге басымдық беру, – деді Ербол Мырзабосынов.

Ол спортшылардың қаржыландырудың жаңа тәртібі туралы алдын ала білгенін айтты. Спортқа бөлінетін қаражат азайған жоқ, енді ол басым бағыттарға, сондай-ақ әр спорт түрі мен өңір үшін белгіленген лимиттерге сәйкес қатаң бөлінеді.

«Біз ұзақ уақыт бақыладық»: баскетболға қатысты жағдайға министр түсінік берді

Министр баскетболдан «Астана» клубының айналасындағы жағдайға да тоқталды. Қаржыландырудың қысқаруына байланысты клуб негізгі құрамын таратуға мәжбүр болған еді.

– Қазір спорт бұқаралық сипатта болуы керек, ең әуелі балалар спортына көңіл бөлуіміз қажет. Әрине, бұл клубтар ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келді. Біз оларды соңына дейін бақылап, қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырыстық. Алайда белгілі бір шекке жеттік. Енді балалар спортының болашағы үшін шешім қабылдауға тура келеді, – деді министр.

Оның айтуынша, мемлекет нәтиже көрсете алмайтын, жұмысы тиісті деңгейде жолға қойылмаған клубтарға бұдан былай қаржы бөле алмайды.

– Біз жастар мен балалар спортына инвестиция саламыз. Осы арқылы болашақта бәсекеге қабілетті ересек спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруымыз керек, – деді Мырзабосынов.

Министр спортты қаржыландыру жүйесіне тәртіп орнату Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Клубтарға легионерлердің жалақысын төлеу үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларға емес, жеке демеушілерге жүгіну ұсынылған.

– Енді бюджет қаражаты есебінен легионерлерге қаржы бөле алмаймыз. Олар осы жылдар бойы, 20-30 жыл бойы жалақы төлеуге арналған қомақты қаражат алып келді. Бірақ соған қарамастан, алға жылжымай отыр. Сондықтан бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыра алмаймыз, – деп түйіндеді министр.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін баскетболшылар Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, команданың таратылуы спорттағы буындар сабақтастығын бұзатынын және Қазақстан баскетбол құрамасының алдағы нәтижелеріне қауіп төндіретінін айтқан. Себебі ұлттық құраманың 12 ойыншысының сегізі дәл осы «Астана» клубында жаттығады.