Қазақстандықтардың деректері сатылымға шықты: ІІМ хабарландыру авторын іздеп жатыр

Ulysmedia
Ішкі істер министрлігі

Қазақстан азаматтарының дербес деректері сатылымға шығарылды деген ақпарат Ішкі істер министрлігінің назарында. Ведомство бұл мәліметті тексеріп, қазіргі таңда eGov порталына заңсыз кіру немесе оған рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелмегенін мәлімдеді,

Толығырақ

Министрлік соған қарамастан интернетте мұндай хабарландырудың жариялануын тексеріп жатыр. Қазір деректерді сатылымға шығарған тұлғаны, ұсынылған ақпараттың қайдан алынғанын және оны заңсыз иемдену мен таратуға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша шаралар қабылдануда.

ІІМ азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.

– Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды, – деп мәлімдеді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, Конституцияның 21-бабында азаматтарды дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы жасалатын әрекеттерден қорғау көзделген.

Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Контекст

Бұған дейін желіде шамамен 15 млн қазақстандықтың деректері бар база сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған. Mash мәліметінше, хабарландыруды shymzz13 лақап атымен тіркелген қолданушы жариялаған. Ол ақпаратты eGov жүйесіндегі осалдық арқылы алғанын мәлімдеген.

Файлдың көлемі шамамен 2,7 ГБ, онда 47 млн жол бар. Базада паспорт деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, құпиясөздер, жұмыс орны туралы мәліметтер және құжаттардың скан-көшірмелері бар делінген.

Сатушы база үшін 0,5 биткоин, яғни шамамен 32 мың доллар сұраған.

Кейінірек Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 15 млн қазақстандықтың дерегі тарады деген ақпаратты жоққа шығарды.