Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрестен пайда таба алады – Ұлыбритания елшісі

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстан көміртегі нарығын дамыту арқылы экологиялық жобаларға инвестиция тарта алады. Бұл туралы Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси Астанада өткен іс-шарада мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Мән-жай

Аксуорсидің айтуынша, Қазақстанның биоалуантүрлілігі мен табиғи ресурстары климаттың өзгеруіне қарсы күресте елге үлкен мүмкіндік береді.

– Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күресте атқаратын рөлі орасан зор болатыны анық, – деді ол көміртегі жобаларын дамыту мәселелеріне арналған іс-шарада.

Дипломат көміртегі кредиттері саласындағы заңнаманың және тиісті заңға тәуелді актілердің қабылдануын құптап, оны «нағыз маңызды кезең» деп атады.

Оның пікірінше, көміртегі нарығын дамыту инвестиция тартудың және Қазақстанның жаңартылатын энергия көздеріне көшуін қолдаудың тиімді құралына айналуы мүмкін.

Ұлыбритания тәжірибесі

Аксуорси Ұлыбританияның тәжірибесімен де бөлісті. Оның айтуынша, ел алғашында Еуропалық шығарындыларды саудалау жүйесіне қатысқан. Ал Еуроодақтан шыққаннан кейін 2021 жылы өз шығарындыларын саудалау жүйесін іске қосқан.

– Біздің тәсіліміз – шығарындыларға баға белгілеу және сол арқылы инвестициялық шешімдерге ықпал ету, – деп түсіндірді ол.

Елші ұлыбританиялық тәжірибеден алынған үш негізгі сабақты атап өтті.

Біріншіден, жүйеге деген сенімді қамтамасыз ету қажет. Оның айтуынша, көміртегі кредиттері шығарындылардың қысқаруы нақты, өлшенетін және қосымша болған жағдайда ғана құнды болады. Сонымен қатар көміртегіні сақтау ұзақ мерзімді болуы, мониторинг ашық жүргізілуі, ал тексеру тәуелсіз болуы керек.

Екінші сабақ – жүйе оны пайдаланатындар үшін түсінікті болуы қажет. Олардың қатарында фермерлер, компаниялар, жоба әзірлеушілері және жергілікті ұйымдар бар.

Үшіншіден, көміртегі нарығы нақты экономикалық мүмкіндіктермен байланысты болуы тиіс. Ұлыбританияда көміртегіге баға белгілеу тетігі энергетика секторын таза энергияға көшіруді қолдау үшін де қолданылған.

– Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, жүйені қандай да бір бір ғана шара емес, ұзақ мерзімді саяси бағыттың, нарыққа берілетін нақты сигналдардың және жаңа технологияларды қолдаудың үйлесімі өзгертеді, – деді Аксуорси.

Оның сөзінше, бұл тәсіл көмірді бәсекеге қабілеті төмен отынға айналдырып, инвесторлардың таза энергетика жобаларына деген сенімін арттырған. Қазір Ұлыбритания электр энергиясын өндіру үшін көмір пайдаланбайды.

Дипломаттың пікірінше, Қазақстанда да инвестиция тартуға және жаңартылатын энергетикаға көшуге ықпал ететін көміртегі нарығын қалыптастыруға мүмкіндік бар.