Экология және табиғи ресурстар министрлігі үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларына бірқатар маңызды өзгеріс енгізді. Жаңа құжат мысық немесе итін бұдан былай асырағысы келмеген адамға жануарды жай ғана көшеге шығарып жіберуге мүмкіндік беретін құқықтық олқылықтың алдын алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Жаңартылған талаптарға сәйкес, адам үй жануарына бұдан былай күтім жасай алмаса, оған өз бетінше жаңа иесін табуға міндетті. Заңда мұның бірнеше ресми жолы қарастырылған. Атап айтқанда, жануарды баспанаға тапсыруға, тиісті жағдай жасай алатын жеке немесе заңды тұлғаға беруге не уақытша ұстау орнына орналастыруға болады.
Бұл ретте жануарды уақытша ұстау орнына өткізу иесін қаржылық міндеттемелерден босатпайды. Иесі немесе жауапты тұлға жануардың одан әрі тағдыры ресми түрде шешілгенге дейін оны күтіп-бағу шығындарын төлеуге міндетті.
Жауапкершілік бұрынғы иесінде қалады
Жаңа өзгерістің негізгі тұсы – жануардан бас тарту ұғымына қатысты. «Бұл жануар енді маған керек емес» деген тұрмыстық шешім иесін заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.
Жануарға меншік құқығы басқа адамға ресми түрде өткенге немесе оны баспана ресми түрде қабылдағанға дейін, төрт түлік емес, төрт аяқты үй жануары бұрынғы иесінің жауапкершілігінде қалады.
Жаңа түзетулер Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 6 тамыздағы №155 бұйрығымен бекітілді. Құжат 24 тамыздан бастап ресми түрде күшіне енеді.