Еуропада 17 жыл бойы жасырынып жүрген: Алматыда кісі өліміне қатысы бар адам сотталды

Ulysmedia
pixabay

Алматыда жиырма жылға жуық іздеуде жүрген ер адамға сот үкімі шықты. Прокуратура мәліметінше, Ю. Юсупов 2008 жылы болған кісі өлімінен кейін Қазақстаннан кетіп, жеке деректерін өзгерткен және ұзақ жылдар бойы Еуропада жасырынып жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Кісі өлтіру оқиғасы 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматының орталығында болған.

Сот материалдарына сәйкес, Юсупов А. Коваленкомен бірге Фурманов көшесіндегі үйдің маңында ер адамды аңдып жүрген. Бұған дейін олардың арасында жанжал болған.

Жәбірленушіге бірнеше рет оқ атылған. Оқтың бірі желкесіне тиген. Ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Осыдан кейін Юсупов елден кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.

Сыбайласы бұған дейін сотталған

Коваленко кісі өлімінен кейін де қылмыстық әрекетін жалғастырған.

2008 жылдың жазында ол Қонаевтағы «Старая крепость» демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталды.

Сол кезде бір полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жараланған.

2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Юсуповты Қырғызстан да іздеген

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Юсупов қылмыстық ортада «Кинг-Конг» деген лақапатпен танылған және Қырғызстандағы белгілі қылмыс әлемі өкілдерінің бірінің айналасында жүрген.

Оны Қырғызстанда 2007 жылы Бішкектегі көлік жуу орны иесінің өліміне байланысты да іздеген.

Осы жылдар ішінде Юсупов Еуропаның бірнеше елінде жасырынып, өзгертілген жеке деректерді пайдаланған.

2025 жылғы тамызда ол Литва шекарасынан өтіп бара жатқан кезде ұсталды.

Сол жылдың қарашасында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Литвадан экстрадицияланды.

Шілдеде Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған кісі өліміне көмектескені үшін кінәлі деп таныды.

Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.