Маңғыстау облысының өкілі Жантілек Нұртілепұлы қазақ күресінен өтетін басты ұлттық турнир - «Qazaqstan Barysy – 2026» жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
«Лабақ батыр» лақапатымен танылған спортшы мұндай деңгейдегі додаға алғаш рет қатысты.
Шешуші белдесуде Нұртілепұлы Жамбыл облысының белгілі балуаны, «Барыс» лақапатымен танылған Ғалымжан Қырықбаймен кездесті.
Қарсыласының тәжірибесі мол болғанына қарамастан, Маңғыстау облысының өкілі финалда жеңіске жетіп, турнирдің жаңа чемпионы атанды.
Жеңісі үшін Жантілек Нұртілепұлы «Qazaqstan Barysy – 2026» алтын белбеуін және 15 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді.
Қола жүлдені Шымкент өкілі Нұрсұлтан Қожагелдіұлы алды. Ол үшінші орын үшін белдесуде Қостанай облысының өкілі Алмас Жұмағалиды жеңді.
Тоқаев жеңімпазды құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жантілек Нұртілепұлын жеңісімен құттықтады.
– Президент бұл жетістік спортшының жеңіске деген ерік-жігері мен озық шеберлігінің айқын көрінісі екенін атап өтті, – деп жазды Тоқаевтың баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Тоқаев мұндай турнирлер қазақ халқының дәстүрін сақтауға сеп болып, жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығын арттыратынын да айтты.