Мирзиёевтің күйеу баласы мен Шахмұрат Муталип Азия ойындарындағы жеңісін бірге тойлады

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық және өзбекстандық спортшылар мен жанкүйерлер Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында бокс құрамаларының жетістігін бірге атап өтті. Мерекелік сәттің видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеода Азия ойындарының жеңімпазы Төрехан Сабырхан Өзбекстан құрамасының боксшыларымен бірге ұлттық әуенге билеп жүр. Мерекеге Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Муталип пен Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров та қосылған.

Олардың жанында екі елдің туын ұстаған қазақстандық және өзбекстандық жанкүйерлер де бірге би билеп жүр. Кадрларда спортшылар мен спорт саласының өкілдерінің бір-бірін құшақтап, құрамаларының жетістігін бірге тойлағаны көрінеді.

Боксшылардың алтын жүлделері

Төрехан Сабырхан Қазақстанға Азия ойындарында бокстан 12 жылдан кейінгі алғашқы алтын медальді әкелді. Кейін Айбек Оралбай да чемпион атанды. Оның жеңісі Қазақстан бокс құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдесі болды.

Өзбекстандық боксшы Тұрабек Хабибуллаев 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында жеңіске жетті. Шешуші жекпе-жекте ол Қытай өкілі Хань Сюэчжэньді төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңді. Хабибуллаев алғашқы раундта қарсыласын тұрып саналатын нокдаунға түсірді.

Айта кетейік, Шахмұрат Муталип 2024 жылдан бері Қазақстан бокс федерациясын басқарады.

Отабек Умаров - Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары әрі Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті. Сондай-ақ, ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің кіші қызы Шахноза Мирзиёеваның жұбайы.