Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына жақын жерде грек компаниясы басқаратын Skiros мұнай танкеріне шабуыл жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап, танкердің шабуылға дейін ресейлік мұнай тиегенін хабарлады. Skiros Suezmax класына жатады және шамамен 1 млн баррель мұнай тасымалдай алады. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, шабуыл жексенбі күні болған.
Ресей мұнайы тиелген
КҚК терминалы арқылы негізінен қазақстандық мұнай экспортталады. Алайда бұл жолы танкер ресейлік шикізатты тасымалдаған. Әдетте ресейлік мұнай КҚК арқылы өтетін экспорттың 5-10%-ын құрайды.
Бұл – консорциум терминалына кірген танкерге шамамен үш апта ішінде жасалған алғашқы шабуыл.
Зардап шеккендер жоқ
Skiros-ты басқаратын компания шабуыл салдарынан ешкім зардап шекпегенін мәлімдеді. Сондай-ақ теңіздің ластанбаған. Компания оқиғаның басқа мән-жайларын жарияламады.
КҚК бұл жағдайға қатысты түсінік беруден бас тартты.
Украина Бас штабының өкілі Bloomberg агенттігіне бұл оқиға туралы мәлімет жоқ екенін айтқан.
Украина бұған дейін КҚК-ға шабуыл жасамауға келіскен
Украина АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін танкерлерге жасалған шабуылдарды тоқтатқанын хабарлаған. Киев КҚК инфрақұрылымына және терминалға бағыт алған ресейлік емес кемелерге соққы жасамауға келіскен.
Алайда бұл келісім Украина санкцияларына іліккен немесе ресейлік жүк тасымалдайтын кемелерге қатысты емес.