Данияр Елеусінов ішімдікке тәуелділігі барын мойындады

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанада мас күйінде жол апатына ұшырағаннан кейін ішімдікке тәуелдігілі туралы алғаш рет ашық айтты. Спортшы Олимпиададан кейін алкогольге тәуелді бола бастағанын мойындап, жұрттан оның мәселесін күлкі етпеуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қалай болғанын өзім де білмеймін»

Данияр Елеусінов Instagram-дағы парақшасында жазба жариялады. Боксшы мас күйінде жол апатын жасағаны үшін әлі де сынға ұшырап жүргенін айтты. 

– Ассалаумағалейкүм, қазақ елі! Бәрі мені кезінде мас күйінде жол апатына түскенім үшін сынап жатыр ғой. Иә, мен мойындаймын. Менің Олимпиададан кейін алкогольге, алкоголизмге жақындығым бар, тәуелділігім бар. Білмеймін енді оның қалай болғанын. Бұл күлетін нәрсе емес. Бірақ адамдар күледі, өзінің басына келмегеннен кейін түсінбейді ғой. Жас кезімде мен де күлгенмін. Түсінбейтінмін мұны. Бірақ күлген адамның өзінің басына келеді ондай нәрсенің бәрі. Алла тағала осы өмірде сынап, айтқан нәрсеңді өз басыңа келтірмей қоймайды. Сондықтан да байқаңыздар. Абай болыңыздар. Мен күресіп жатырмын, – деді ол оқырмандарына.

Бір күнде үш рет жол апатына түскен

Шілде айында спортшы Астанада ұсталды. Toyota көлігін тізгіндеген Елеусінов бір сапар кезінде бірден бірнеше жол апатына түскен. Сот оны 20 тәулікке қамауға алып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.

Данияр Елеусінов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Ол әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы және Азия чемпионы атанған.

Кәсіпқой бокста IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын және IBF Inter-Continental белбеуін иеленген.