«Бөтен адам сияқты, амандаспады» - марқұм фельдшердің анасы экс-күйеу баласы туралы

Ulysmedia
Ulysmedia

Марқұм жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешенқұлова қызының бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелмен қарым-қатынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Амандасқан жоқ”

Оның айтуынша, ер адам қайтыс болған қыздың туыстарымен сөйлеспеген, тіпті сот отырысы залында оларды кездестіргенде амандаспаған.

– Мен онымен сөйлескен жоқпын. Ол маған басынан бастап аяғына дейін жеткіземін, аманатқа қиянат жасамаймын деп уәде берген. Өзім ана ретінде оған қатты сенгенмін, бірақ сенімімді ақтамады. (...) Сотқа келгенде де сөйлескен жоқпыз. Танымайтын, бөтен адамдар сияқты кірді, кетті Амандасқан жоқ, сәлемдескен жоқпыз, – деді Сәлима Ешенқұлова.

“Заң аясында шешілсін”

Астанада үйдің қасбеті мен кондиционері құлап, адам қаза болған іс бойынша МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова айыпталушы ретінде өтіп жатыр.

Ешенқұлова ешкімге нақты жаза тағайындауды талап етпейтінін, сот шешімінің әділ әрі заң аясында қабылдануын қалайтынын атап өтті.

– Менің талабым – әділдік орнаса болды. Ешкімге жаза немесе айып таққым келмейді, тек әділ шешілсін. Заң аясында шешілсін, – деді ол.

Бұған дейін

Адвокат Нұрсұлтан Орынбеков бұған дейін хабарлағандай, іс бойынша барлығы алты адам жәбірленуші деп танылған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр. Сот алдында үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 254-бабының 1-бөлігі («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша айып тағылған.