"Қазақмыс" Жезқазғандағы негізгі экологиялық мәселелердің бірін шешуге кірісті

Ulysmedia
Қазақмыс

18 тамызда Жезқазғанда «Қазақмыс» пен China National Chemical Engineering Company (CNCEC) тобына кіретін компаниялар консорциумы Жезқазған мыс қорыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсіміне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен және CNCEC директорлар кеңесінің төрағасы Бао Гуандун қатысты. EPC-келісімшарттың құны – 213,76 млн АҚШ доллары. Жобаны іске асыру кәсіпорынды экологиялық және технологиялық жаңғыртудың негізгі кезеңдерінің бірі болмақ.

Жобаның бас мердігері – күкірт қышқылын өндіретін нысандарды жобалау және салу бойынша халықаралық тәжірибесі бар, оның ішінде Қазақстанда да осындай жобаларды іске асырған China National Chemical Engineering Company (CNCEC) компаниялар тобы.

Жаңа цех салу қажеттілігі Жезқазған мыс қорыту зауытын ауқымды жаңғырту және заманауи экологиялық стандарттарға көшуге байланысты туындап отыр. Металлургиялық газдарды кәдеге жаратуға арналған қолданыстағы инфрақұрылым 1970 жылдары іске қосылған және бүгінде технологиялық тұрғыдан түбегейлі жаңартуды қажет етеді.

Жоба жаңа күкірт қышқылы өндірісін салумен қатар, технологиялық газдарды ұстау және тазарту жүйесін жаңғыртуды көздейді. Атап айтқанда, конвертерлерге арнайы жабындар, заманауи салқындату мұнаралары, электр сүзгілері және басқа да газ тазарту жабдықтарын орнату жоспарланып отыр. Жаңа жүйе технологиялық процестерді автоматтандыру мен бақылаудың заманауи құралдарымен жабдықталады.

Жоба іске асқаннан кейін технологиялық газдарды ұстау деңгейі 99%-ға жетеді. Ал тазартылған газдардағы күкірт диоксидінің қалдық концентрациясы ең озық қолжетімді технологиялар бойынша халықаралық BREF анықтамалықтарының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

Жобаны іске асыру Жезқазғандағы SO₂ шығарындыларын және кәсіпорынның қоршаған ортаға түсіретін экологиялық жүктемесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жаңа цехтың жобалық қуаты жылына 350 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге жетеді. Жүйе сағатына 300 мың текше метрге дейінгі технологиялық газды өңдеуге есептелген. Нысанды алдын ала 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы – ең әуелі Жезқазғанның экологиялық қауіпсіздігіне және кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақты жұмысына салынған инвестиция. Біз өндірісті ондаған жылдарға есептеп жаңғыртып жатырмыз. Біз үшін заманауи нысан салумен қатар, мәлімделген экологиялық көрсеткіштерді қамтамасыз ету, жұмыстардың жоғары сапасын сақтау және жобаны белгіленген мерзімде іске асыру аса маңызды, – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi.

Келісімге қол қойылғаннан кейін жоба іске асырудың белсенді кезеңіне өтеді. 2026 жылдың соңына дейін өндірістік алаңда толық ауқымды жұмылдыру және дайындық жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары шамамен 29 айға созылады.

Жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы Жезқазған мыс қорыту зауытын ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып есептеледі. Жобаны іске асыру газ тазарту жүйесінің сенімділігін арттырып, өндірісті заманауи экологиялық талаптарға сәйкестендіруге және елдегі негізгі металлургиялық кәсіпорынның тұрақты жұмысына негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.