Әлемдік отын нарығындағы жағдай барған сайын күрделеніп барады. Ирандағы соғыс мұнай өңдеу саласына кері әсер етіп, жанармай қорларының азаюын жеделдетті. Мұнай экспорттаудан алдыңғы қатарда тұрған Ресейдің өзі қазір шетелден бензин іздеуге мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, мұнай өндіретін әрі Ресеймен көршілес Қазақстан үшін де бұл жағдайды жіті бақылауда ұстаған жөн, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұнай бар, бірақ бензин азайып барады
Reuters мәліметінше, қазіргі негізгі мәселе шикі мұнайдың тапшылығында емес, дайын отын өндіретін қуаттардың қысқаруында. Таяу Шығыстағы мұнай өңдеу қуаттарының 20 пайыздан астамы істен шыққан. Сонымен қатар Украина энергетикалық инфрақұрылымға соққы бергеннен кейін Ресейдегі мұнай өңдеу көлемі кейінгі айларда шамамен 30 пайызға төмендеп, тәулігіне 4 млн баррельден азайған.
Осының аясында мұнай өнімдерінің бағасы күрт өсті. Соғыс басталғалы бері Еуропада дизель отынының бағасы 70 пайыздан астам, ал АҚШ-та бензин шамамен 60 пайызға қымбаттаған.
Отын қорлары да азайып барады. АҚШ-та дизель қоры жылдың осы кезеңі үшін соңғы 30 жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Ал бензин қоры 2012 жылдан бергі осы маусымдағы ең төмен көрсеткішке жетті.
Қазақстан үшін ең алаңдатарлық белгі Ресей нарығынан келіп отыр. Ресейдің бірқатар өңірінде бензин тапшылығы байқалып, жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болып, отын сатуға шектеулер енгізілген.
Мәскеу шетелден бензин іздей бастады. Оның ішінде Үндістаннан отын жеткізу жүзеге асқан. Шілденің басында Қазақстан Ресейге шамамен 5 мың тонна АИ-92 бензинін жөнелтті. Бұған дейін 50 мың тонна отын сатып алу туралы айтылған еді.
Бұдан бөлек, Мәскеу мен Астана Ресей мұнайын Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу мүмкіндігін де талқылаған, яғни Қазақстан жанармайға деген сұранысы артып келе жатқан нарықтың дәл жанында тұр.
Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?
Әзірше Қазақстанда бензин тапшылығы болады деуге негіз жоқ. Маусым айында үкімет отандық мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Елдегі бензин, дизель отыны және авиациялық керосин қоры 1 млн тоннадан асатыны айтылған.
Алайда әлемдік нарықтағы қауіпсіздік қоры біртіндеп азайып барады. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметінше, наурыздан шілдеге дейін әлемдегі мұнай қорлары тәулігіне орта есеппен 3,5 млн баррельге қысқарған. Сарапшылар қорлардың жыл соңына дейін төмендеуін жалғастыратынын болжап отыр.
Қазақстан үшін бұл ішкі нарыққа қысымның күшеюі мүмкін дегенді білдіреді. Егер Ресей мен басқа да елдерге бұрынғыдан да көп отын қажет болса, қолжетімді мұнай өнімдері үшін бәсеке артады. Бұл өз кезегінде жанармай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.
Ормуз бұғазы қайта ашылған күннің өзінде нарықтың қалыпты жағдайға тез оралуы екіталай. Зақымданған мұнай өңдеу зауыттарына ауқымды жөндеу қажет болады. Ал қажетті жабдықтарды жеткізу бірнеше айға созылуы мүмкін.
Сондықтан соғыс қимылдарының тоқтауы отын дағдарысының да бірден аяқталатынын білдірмейді.
Қазақстан үшін негізгі қауіп елдегі мұнайдың аяқталуында емес. Мәселе — әлемдік нарықта дайын бензин мен дизель отынының тапшылығы туындауы мүмкін екенінде.
Егер қорлар әрі қарай азайып, Ресей шетелден отын іздеуді жалғастырса, оның салдарын мұнай трейдерлері мен мұнай өңдеу зауыттары ғана емес, қарапайым тұтынушы да сезінеді. Бұл бензин мен дизель бағасының, тасымал құнының және тауар бағасының өсуі арқылы көрінуі мүмкін.