Астанадағы екінші әуежайдың құрылысына әлемдегі ірі әуежай операторларының бірі тартылуы мүмкін. Сингапурдың Changi Airport Group компаниясы жобаны жүзеге асыру барысында өз тәжірибесі мен технологияларын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Инвесторлар қызығушылық танытып отыр
Премьер-министр Олжас Бектенов Changi Airport Group басшысы Ям Кум Вэнгпен кездесті. Кездесуде елордада жаңа әуежай салу жобасы да талқыланды.
Сингапурлық компания Чанги және Селетар әуежайларын басқарады. Сонымен қатар оның еншілес компаниясы әлемнің 20-дан астам еліндегі әуежай инфрақұрылымын дамытуға және басқаруға қатысқан.
Ям Кум Вэнг Астананы Еуропа мен Азия арасындағы маңызды әрі перспективалы байланыстырушы буын деп атады.
– Сингапурлық компанияның басшысы елордада өңірлік хаб ретінде жаңа әуежай салу жобасын жүзеге асыру кезінде әуежай саласындағы сараптамасы, білімі мен тәжірибесін ұсынуға дайын екенін растады, – деп хабарлады Үкімет.
Әуежай қай жерде салынады?
Астананың екінші әуежайы туралы әңгіме бірнеше айдан бері айтылып келеді. Алайда оның нақты қай жерде салынатыны әзірге ресми түрде анықталған жоқ.
Маусым айында бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа әуежайды елорданың солтүстік-батысында, Шортанды бағытына қарай, Астана – Көкшетау тасжолының бойында салу жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тараған.
Алайда қала әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Әкімдік өкілдері әуежайдың нақты орны бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты.
Қазіргі таңда ықтимал учаскелер Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын жаңарту аясында зерттеліп жатыр.