Қазақстанда интернет-алаяқтық бірнеше жылдың ішінде ең жиі кездесетін қылмыс түрлерінің біріне айналды. 2018 жылы мұндай 517 дерек тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысында олардың саны 28,9 мыңға жеткен. Жеті жылда көрсеткіш 55 еседен аса өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
2018 жылы интернет-алаяқтық барлық тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың небәрі 0,2 пайыз болған. Ал 2025 жылға қарай оның үлесі 23,3 пайызға дейін өскен. Бұл деректі Finprom сарапшылары келтірді.
2026 жылы мұндай қылмыстар саны аздап төмендеді. Қаңтар-шілде аралығында 13,1 мың жағдай тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға аз.
Соған қарамастан интернет-алаяқтықтың барлық қылмыс ішіндегі үлесі өсе беріп, 19,5 пайызға жетті. Ал алаяқтықтың барлық түрінің ішінде интернет арқылы жасалған қылмыстардың үлесі 57 пайыз болды.
Қай өңірде көп?
Жеті айда интернет-алаяқтық ең көп Астанада тіркелген - 2,3 мың жағдай.
Алматыда - 1,4 мың, Павлодар облысында - 1,1 мың, Алматы облысында - 1 мың, Қарағанды облысында 951 дерек анықталған.
Алайда барлық қылмыс ішіндегі интернет-алаяқтықтың ең жоғары үлесі Павлодар облысында тіркелді - 38 пайыз.
Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы - 29,8 пайыз, Қарағанды облысы - 29,6 пайыз, Қостанай облысы - 28,5 пайыз, Астана - 26,5 пайыз және Абай облысы - 26 пайыз.
«Банктен хабарласып тұрмыз» деген қоңыраулар әлі де көп
Алаяқтар көбіне банк атын жамылып, жалған SMS пен қоңырауларды пайдаланады. Қаңтар-шілде аралығында осындай 2,9 мың жағдай тіркелген.
Тағы 2,7 мың қылмыс фишинг сайттар, сілтемелер, электронды пошта және түрлі қосымшалар арқылы жасалған. Мұндай тәсілмен алаяқтар адамдардың жеке деректеріне қол жеткізеді.
Сондай-ақ қызмет көрсету туралы жалған хабарландырулар арқылы алдау - 2,6 мың, интернет-дүкендердегі алаяқтық - 1,9 мың, онлайн несие рәсімдеу - 1,3 мың жағдай.
Алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер азайды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 2,1 млрд теңгеге 1,3 мың алаяқтық несие анықталған.
Салыстыру үшін, 2025 жылы мұндай 5,1 мың несие 4,6 млрд теңгеге, ал 2024 жылы 8,7 мың несие 20,3 млрд теңгеге рәсімделген.
Тұтынушыларды қорғау үшін онлайн несие беру кезінде «салқындау кезеңі» енгізіліп, биометриялық тексеру күшейтілді.
Қаржы пирамидалары, криптовалюта және аккаунт бұзу
Қаржы пирамидалары мен күмәнді инвестициялық жобаларға қатысты 770 жағдай тіркелген.
Тағы 182 қылмыс аккаунттар мен домендерді бұзуға, 170 жағдай криптовалютаға байланысты болған.
Бұдан бөлек алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қарыз сұрау, жалған қайырымдылық, лотерея, түрлі байқау және онлайн-казино секілді тәсілдерді де пайдаланған.