Сенсация: қазақстандық дзюдошылар аралас командалар арасындағы жарыста чемпион атанды

Ulysmedia
Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстан дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында командалық сайыста жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Финалда отандастарымыз Бразилия құрамасын 4:3 есебімен жеңді. Шешуші бәсекеде ел намысын Ғабит Расулхан (60 келіге дейін), Інжу Жұмажан (63 келіге дейін), Еркен Бекали (81 келіге дейін), Тоғжан Төлебай (63 келіден жоғары), Әділжан Жаудинов (81 келіден жоғары) және Иянат Жұбатқан (48 келіге дейін) қорғады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жекелей сайыстарда 10 медальға қол жеткізді:

  • Ғабит Расулхан (60 келіге дейін), Фатима Сұпығалиева (52 келіге дейін) және Әділ Жаудинов (90 келіден жоғары) әлем чемпионы атанды.
  • Адия Жанахмет (40 келіге дейін), Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін), Інжу Жұмажан (57 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алды.
  • Ал Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін), Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Үсенов (66 келіге дейін) және Еркен Бекали (73 келіге дейін) әлем чемпионатын қола медальмен аяқтады.

Тоқаевтың құттықтауы

Мемлекет басшысы қазақстандық дзюдошыларды жастар арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуімен құттықтады.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен, ал Ғабит Расулханды, Фатима Сұпығалиеваны, Әділжан Жаудиновті жекелеген сында алтын медальға ие болуымен құттықтады.

Президент жас чемпиондардың спорттағы жолы жарқын болуына және жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

– Кеше кешкісін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті. Ұйым жетекшісі Мемлекет басшысын балуандарымыздың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жеңісімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен, сондай-ақ ұлттық федерациямен сындарлы ынтымақтастық орнатқаны үшін халықаралық ұйымның басшысына ризашылығын білдіріп, соның нәтижесінде елімізде дзюдо күресі кеңінен дамып келе жатқанына тоқталды, – делінген хабарламада.