Америкалық рэпер Канье Уэсттің Санкт-Петербургтегі концертіне қатысты сұрақ пайда болды. «Газпром Арена» стадионы өз алаңында шоу өтпейтінін мәлімдеді. Себебі стадионды жалға алу туралы келісімшарт әлі жасалмаған. Ал концерт ұйымдастырушылары әзірше шараның тоқтатылмағанын айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Стадион өкілдері концертті ұйымдастыруға қатыспағанын мәлімдеді. Шараны Мәскеудегі Say Agency агенттігі ұйымдастырып жатыр.
– Мұндай келісімшарт жоқ. Тиісінше, концерт біздің алаңда өтпейді, – деп мәлімдеді «Газпром Арена» өкілдері.
Алайда 17 тамызда стадион өкілдері Канье Уэсттің концерті дәл осы алаңда өтетінін хабарлаған еді.
«Жоғарыдан қоңырау болды» деген ақпарат тарады
Ресейлік БАҚ дереккөздеріне сілтеме жасап, концертті өткізуге қажетті барлық құрылымнан келісім алынбағанын жазып жатыр.
«Фонтанка» басылымының мәліметінше, осыдан кейін «Газпром Аренаға» Мәскеуден шараны тоқтату туралы талаппен қоңырау түсуі мүмкін. Дереккөздердің бірі концерт туралы барлық қажетті рәсім аяқталмай тұрып тым ерте жарияланғанын айтқан.
Бұған дейін ВЦИОМ Санкт-Петербург тұрғындары арасында рэпердің ықтимал концертіне қатысты сауалнама жүргізген.
Концерттің тоқтатылуы мүмкін деген ақпарат тараған кезде «Газпром Арена» сайты уақытша жұмыс істемей қалған. Әлеуметтік желілерде билет сатып алған көрермендер ақшасын қайтара алмай жатқанын айтып шағымданған.
Say Agency бас директоры Анна Субчева «Газпром Аренадан» концерттің тоқтатылғаны туралы ресми хабарлама алмағандарын мәлімдеді. Оның айтуынша, стадион бұған дейін агенттікке келісімшарт жіберген, оны тараптар 27 тамызға дейін бекітуі керек болған.
Ye бұған дейін Алматыда концерт берген
Еске салайық, бұған дейін Канье Уэст Қазақстанда концерт берген. Алматыдағы шоу бастапқыда 14 тамызда Орталық стадионда өтуі керек болған. Алайда нөсер жаңбыр, жел және найзағайға байланысты концерт бір тәулікке шегерілді.
Концерт 15 тамызда өтті. Дегенмен шараның кейінге қалдырылуы көрермендердің наразылығын туғызды. Кейбір адамдар Алматыға арнайы бір күнге келгендіктен, келесі күні өткен концертке қатыса алмаған.
Шоудан кейін оның ұйымдастырылуына қатысты да шағымдар айтылды. Көрермендердің бірі пиротехникалық элементтердің бірі әйелінің бетіне тигенін мәлімдеді. Ал кейбір көрермендер қолдарында жарамды билеттері бола тұра стадионға кіре алмағанын айтқан.