АҚШ өз азаматтарын Ресейден дереу кетуге шақырды

Ulysmedia

АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі Ресейде тұратын немесе сонда жүрген америкалықтарды елден "тез арада" кетуге үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үндеу елшілік сайтында жарияланды.

Хабарламаға сүйенсек, "Ресей қарулы күштерінің Украинаға себепсіз басып кіруінің түрлі салдары", сонымен бірге Ресей құқық қорғау органдарының АҚШ азаматтарын қудалауы мүмкін екендігі, Ресеймен арадағы көлік байланысының шектелуі, АҚШ елшілігінің Ресейдегі азаматтарына көмектесу мүмкіндігінің шектелуі және теракт қаупі АҚШ елшілігін азаматтарға осындай кеңес беруге мәжбүр етіп отыр.

Сондай-ақ, АҚШ өз азаматтарын Ресейге барудан бас тартуға шақырды.

Елшілік мәліметінде Ресейде қыркүйекте мобилизация жарияланғаны, жергілікті билік америкалық құжаттарды мойындамай, қос азаматтығы барларды армияға алып кетуі мүмкін екендігі айтылған.

Айта кетейік, бұдан бұрын АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путин "Украинадан айырылды" деп мәлімдеген.

"Путиннің бірде-бір мүмкіндігі жоқ – ол Украинадан айырылды. Ол Украинаға басып кірсе, біріншіден, әрбір орыстілді адам оны жылы шыраймен қарсы алып, "кіріңіз" деп айтады деп ойлады. Екіншіден, ол НАТО ыдырайды, ештеңе жасамай алмайды, олар әрекет етуден қорқады деп кәміл сенді", - деді Байден.