Тоқаев Құрылтайдың билік жүйесіндегі рөлін атады

Ulysmedia
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызына тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Мемлекет басшысының айтуынша, Құрылтай жұмысының басталуы елдегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Ол билік жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

– Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады, – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген.

Президенттің сөзінше, Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді және Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге және президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс енгізуге құқылы.

– Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев бұл өзгерістер заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесін нығайтатынын атап өтті.

Президент Құрылтай алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке де тоқталды.

– Бірінші. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет, – деді президент.

Оның айтуынша, жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заң қабылдаған. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, оның Конституция қағидаттарына сәйкестігін қарауы керек.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың екінші маңызды міндеті ретінде заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуді атады.

– Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.