Алматы-Петропавл пойызында қызды зорламақ болған күдікті ұсталды

Ulysmedia

№6637 әскери бөлімінің қызметкері, майор Еркін Жантурин жолаушылар пойызында қызды зорламақ болған ер адамды ұстады, деп хабарлады Ulysmedia.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөз

10 ақпанда кешкі сағат 18.00 шамасында Алматы – Петропавл жолаушылар пойызында іс-сапардан оралған майор Еркін Жантурин көрші купеден қыздың айқайын естіген.

Әскери қызметкер қыздың дауысы шыққан купеге жақындағанда, біреу купенің есігін әдейі жапқанын байқаған. Еркін Жантурин есікті күшпен ашып кіргенде, бұрышта қыз отырды. Күдікті оны зорламақ болған, –  деп жазылған хабарламада.

Майор ер адамды ұстап, Сарышаған станциясында оны полицияға тапсырды.

Қыз күдіктіні танымайтынын айтқан.

Оқиға кешке болды. Пойыздағы мейрамханадан кешкі асты ішіп, купеге келдім. Демалайын деп жатқанда жас қыздың көмек сұрап, айқайлаған дауысын естідім. Купеге кіргенде ер адамның қызды қорлауға тырысып жатқанын байқадым. Содан кейін оны ұстадым, –  деді майор Еркін Жантурин.

Полиция күдіктінің 36 жастағы Қарағанды облысының тұрғыны екенін анықтады. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.