Саяси белсенді Әлнұр Ілияшевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша күдік келтіріліп отыр. Ол үйінде жүргізілген тінтуден кейін жауап алуға әкетілген. Бұл туралы оның ағасы Қанат Ілияшев пен заңгер Дәулет Әбілқасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Мән-жай
Дәулет Әбілқасымовтың жазуынша, құқық қорғау органдары Әлнұр Ілияшевтің үйіне таңертең ерте келген. Тінтуден кейін белсенді жауап алуға жеткізілген.
– Әлнұрды тінтуден кейін алып кетті. Оның бізге айқайлап үлгерген жалғыз сөзі – 190-бап, – деп жазды заңгер.
Қанат Ілияшевтің айтуынша, Әлнұрдың жұбайы ешқандай түсінік бере алмайды, себебі оған ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме берілген.
Ал Алматы полиция департаменті бұл істің өз құзыретіне жатпайтынын хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қанат Ілияшев құқық қорғау органдарының Әлнұр Ілияшевтің үйінде тінту жүргізіп жатқанын хабарлаған. Алайда тінтудің қандай қылмыстық іс аясында жүргізілгені туралы оған ақпарат берілмеген.
Әлнұр Ілияшев туралы
Алты жыл бұрын Әлнұр Ілияшевке биліктегі сол кездегі Nur Otan партиясын сынаған жазбалар жариялаған. Кейін сот оны төтенше жағдай режимі кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі еңбек жазасына кескен. Сонымен қатар оған бес жыл бойы қоғамдық және жария қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Биыл Ілияшев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум тағайындау туралы жарлығының заңдылығына қатысты сотқа талап-арыз берген. Оның пікірінше, жарлық пен референдумға шығарылған жоба «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңға қайшы келген. Алайда сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.
Контекст
Еске салайық, мұның алдында павлодарлық әлдекімдер журналистің көлігінің дөңгелектерін жарып, үстіне бояу төккенін хабарлағанбыз.
Сондай-ақ «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналист әрі авторы Азамат Омаровтың екі айға жуық уақыттан бері тергеу изоляторында отырғанын жазған едік. Ол алауыздық қоздыру туралы бап бойынша қамауға алынған.
Ал бүгін журналист Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынғанын хабарладық. 3 қыркүйекте Атырау соты жергілікті «Дорожный патруль» порталының журналисі әрі белсенді Олеся Вертинскаяны екі ай мерзімге үйқамаққа алу бұлтартпас шарасын тағайындаған.