Ұлттық қордан инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға қосымша 5 трлн теңге бөлінуі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына әсер ете ме? Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов балалардың есепшотына түсетін жыл сайынғы төлемге қатысты болжамын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін қазір қажет болып тұрған құрылыс жұмыстарына жұмсауды ұсынғаннан кейін Үкімет бұл бастаманы жүзеге асыру үшін 2029 жылға дейін Ұлттық қордан қосымша 5 трлн теңге трансферт қажет екенін жедел есептеп шығарды. Осыдан кейін қазақстандықтар бұл шешімнің балаларға қалай әсер ететініне алаңдай бастады.
Еске салайық, үш жылдан бері 18 жасқа толмаған қазақстандық балалардың есепшоттарына жыл сайын Ұлттық қордан белгілі бір сома аударылып келеді. Алғашқы жылы бұл сома 100 доллар болса, кейін 129 долларға жетті. 2026 жылы балалардың есепшотына шамамен 131 доллардан түсті.
Қосымша трансферттерге байланысты балаларға жыл сайын түсетін қаражат азайып кетуі мүмкін бе?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды алаңдамауға үндеді.
– Ақша үш жыл ішінде алынатынын тағы да атап өткім келеді. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен Үкіметтің бюджеттік параметрлеріне сәйкес, Ұлттық қордың активтері өседі. Біз инвестициялық басқарушы ретінде қамтамасыз ететін инвестициялық кіріс те арта береді. Соған сәйкес балалардың есепшоттарына аударылатын қаражат көлемі де көбейеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Контекст
Еске салайық, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша есепшоттарда жинақталған қаражатты қазақстандықтар 18 жасқа толғаннан кейін оқу ақысын төлеуге пайдалана алады. Ал грантқа түскен жағдайда бұл қаражатты тұрғын үй жинақ депозитіне аударуға мүмкіндік бар.
Пайдаланылмаған есепшоттардағы қаражат автоматты түрде алушының БЖЗҚ-дағы есепшотына аударылады. Бұл жағдайда да, кейінгі жинақ көлемі жоғары болмаса, азаматтың зейнетақы алуға мүмкіндігі сақталады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастаған екі жарым жыл ішінде қазақстандықтар оның қаражатын 333 мыңнан астам рет пайдаланған. Өтініш берушілердің есепшоттарына қазірдің өзінде 63 млн долларға жуық қаражат аударылған.