Трамптың өкілдері мінген ұшақ Мәскеуден шығып, Украина шекарасына таяу жерге қонды

Ulysmedia
pixabay

Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер мінген SAM934 ұшағы Мәскеудегі келіссөздерден кейін Польшаға қонды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

BBC мәліметінше, ұшақ Мәскеуден түнгі 00:29-да ұшып шығып, шамамен екі сағаттан кейін Польшаның оңтүстік-шығысындағы Жешув-Ясенка әуежайына қонған.

Жешув Украина шекарасынан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан және Украинаға баратын сапарлар мен жүк тасымалы үшін маңызды транзиттік нүктелердің бірі саналады. Батыстың Украинаға жіберетін әскери көмегінің едәуір бөлігі де осы әуежай арқылы өтеді.

Келесі бағыт - Киев

Бұған дейін Мәскеудегі келіссөздерден кейін Уиткофф пен Кушнердің Украинаға аттанатыны хабарланған.

Бір күн бұрын Владимир Зеленский Ресей Киев пен Борисполь әуежайларына әдейі соққы жасады деп мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл америкалық делегацияның Украинаға ұшақпен бару мүмкіндігі талқыланып жатқанымен байланысты болуы ықтимал.

Мәскеу соққыларға үзіліс жариялады

5 қыркүйекте Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің Киевке жасалатын соққыларды үш күнге тоқтатуға тапсырма бергенін хабарлады.

Осыдан кейін Зеленский Украина да келіссөздерге қатысы бар қалаларға әуеден соққы жасауды уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.