Шымкентте жол камераларын орнатқан жұмысшыларға миллиондаған теңге берешек жиналған

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Шымкент көшелеріндегі жол қозғалысын бақылайтын камераларға интернет жеткізумен айналысқан 40-қа жуық жұмысшы жарты жылдан бері жалақы алмаған. Қазір олардың кейбірі қарызға батып, төрт баласының жәрдемақысына қарап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

Сапарғали Тоқбаев күн сайын сатысын арқалап, Шымкент көшелерін аралайды. Қаладағы айыппұл салатын камераларға интернет жеткізетін маманның айтуынша, компания қызметкерлері алты айдан бері еңбекақысын ала алмай келеді.

– Оқу жылы басталып кетті. Кредитіміз бар, басқа бар. Азық-түлік бар дегендей, ай сайынғы. Алты айдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Не жетпейді. Қосымша жұмыс жоқ. Сол айлықты берсе дейміз. Кетейін десең, кете алмайсың басқа жаққа, – дейді Сапарғали Тоқбаев.

Жарты жылдан бері еңбекақысыз жұмыс істеп жүрген қырыққа жуық азамат қазір тығырыққа тірелген. Олардың айтуынша, қарыздары көбейіп, күнкөрістің өзі қиындаған. Олар жаз бойы атқарған жұмысының ақысын талап етіп отыр.

Компания менеджері Диас Елемес те алты айдан бері жалақы алмағанын айтты. Оның сөзінше, ай сайын шамамен 500 мың теңге табыс табатын ол қазір компаниядан 3 миллион теңге көлемінде жалақысын күтіп отыр.

– Балаларды өтініш бойынша мен жіберемін. Олар барғысы келмейді, шынын айтқанда. Себебі ақша төленбейді, тегіннен-тегін істеп жүрген сияқты қазір. Сол үшін ашынып жатыр. Жеке өзіме келсем, мен өзім айына 500 мыңдай аламын. Бірақ алты айдан бері айлық алған жоқпын, яғни 3 миллион теңге. Үйге өте алмай қалдық шынын айтқанда, – дейді Диас Елемес.

Полиция қаржы төленгенін айтады, ал жұмысшылар айлықсыз отыр

Q-Network компаниясының басшысы Серік Сүйеубековтің айтуынша, компания бас мердігермен келісімшарт жасасып, жұмысты бастаған. Алайда кейін тапсырыс беруші тарап қаржыны толық төлемей, байланысқа шықпай кеткен.

– 2026 жылдың қаңтарында төледі де, ақпан, наурыз, сәуір айларында төлемей кетті. Бірнеше хат жібердік. Үш рет хат жіберіп, төлеңіздер деп сұрадық. Одан кейін олардан жауап келген жоқ. Астанадағы офисіне де бардық. Шымкенттегі жабылып қалған офисіне де бардық. Барлық жерде жоқ. Қазір мен қарызданып төлеп жатырмын. Офистің арендасы да бар. 100 миллион теңге оңай емес, – деді ол.

Шымкенттегі 3 мың камераны полиция департаменті биыл өз балансына алған. Ведомство өкілдері бас мердігерге қаражат толық аударылғанын және ешқандай берешек жоқ екенін мәлімдеген.

Ал тығырыққа тірелген қосалқы мердігер сотқа жүгінуге ниетті.