Қазақстан NCOC-тан 2,3 трлн теңге өндіріп алу рәсімін уақытша тоқтатты

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қазақстан Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясынан 2,3 трлн теңге (4,88 млрд доллар) көлеміндегі экологиялық айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімін тоқтатты. Шешім 7 қыркүйекте қабылданған. Бұл туралы Әділет министрлігінің жүйесінде ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұған не себеп болды

Шілде айында әділет вице-министрі Даниэль Ваисов NCOC айыппұлды 20 шілдеге дейін өз еркімен төлеуі керегін мәлімдеген. Белгіленген мерзім өткеннен кейін айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу басталды. 21 шілдеде Әділет министрлігі консорциумның мүлкі мен көлігіне шектеу қойған.

Қазіргі шешім айыппұлдың күші жойылғанын емес, оны өндіріп алу рәсімі уақытша тоқтатылғанын білдіреді.

Мәселенің мән-жайы

Даулы мәселе 2022 жылы жүргізілген тексерістен кейін туындаған. Атырау облысының экология департаменті Қашаған кен орнында 1,7 млн тонна күкірт сақталғанын анықтаған. Ал рұқсат етілген көлем 773 мың тонна болған.

NCOC тағылған айыптарды жоққа шығарып, барлық талап пен рұқсаттарды сақтағанын мәлімдеді.

NCOC консорциумына Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз», CNPC және Inpex компаниялары кіреді. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі шамамен 60 млрд долларға бағаланады.