Нархоз Орталық Азияның келешек дипломаттары үшін гранттар бөледі

Сырым Қаржас
Нархоз университеті

Нархоз университеті «Birlink» академиялық платформасын іске қосып, Орталық Азияның бес елінен студенттерді бір семестрлік оқуға шақырады.

Жаһандық сын-қатерлер жағдайында аймақтағы елдердің өзара сенімі мен ынтымақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл бастама көршілес мемлекеттердің ұстанымын түсініп, ортақ шешім таба алатын жас мамандарды даярлауға бағытталған. Орталық Азия елдерінің алдында ортақ мәселелер көп. Олардың қатарында энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау, экологиялық дағдарыстар, ақпараттық қауіптер және жасанды интеллект саласының даму бағыттары, халық санының өсуі және шекара маңындағы тұрақтылық бар. Еуразия мен Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар және АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің күшеюі бұл мәселелерді одан әрі ушықтырып отыр. Қазіргі тұрақсыз жағдайда Орталық Азия елдері өзара байланысты күшейтіп келеді. Олар өңірді ортақ мүдделер мен мүмкіндіктер кеңістігі ретінде қарастырып жатыр.

Осы жақындастықты жалғастыру үшін көрші елдердің ұстанымын түсінетін, келіссөз жүргізетін және барлығына тиімді шешім таба алатын мамандар қажет.

Осындай мамандарды даярлау үшін Нархоз Университеті Birlink бағдарламасын құрды. Мақсаты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің дарынды студенттерінің басын біріктіру.

Орталық Азия елдері арасындағы аймақтық білім беру байланысын дамыту – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан халықаралық академиялық серіктестікті кеңейтуде және түрлі елдердің жастарына бірге оқуға және зерттеу жүргізуге жағдай жасап келеді.

– Мұндай бастамалар жаңа білім беріп қана қоймай, бірге жұмыс істей алатын мамандар қауымын қалыптастырады. Олар ұлттық шекараларды шығатын ортақ мәселелерді бірлесіп шеше алады. Birlink осы қауымның дамуына нақты үлес қосады, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

«Халықаралық қатынастар» мамандығының 3-4-курс студенттеріне арналған бағдарлама аясында Нархоз бес елдің жастарына 30 грант бөледі. Оқыту 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан аралығында ағылшын тілінде жүргізіледі. Грант оқу ақысын және Emen студенттер үйінде тұру шығынын толық өтейді.

Қатысушылар Нархоз университетінің «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде білім алады.

Бір семестр ішінде қатысушылар өңірлік қауіпсіздік, дағдарыстарды реттеу, жаһандық басқару, тұрақты даму, цифрлық трансформация және жасанды интеллект бағыттарын тереңдетіп оқиды. Сондай-ақ олар Орталық Азия үшін ортақ су, энергетика, климат және экономика мәселелерін талдап, мемлекеттер арасындағы келіссөздерді тәжірибе жүзінде өткізеді және халықаралық командаларда өңірдің даму сценарийлерін әзірлейді. Дәрістерді Оксфорд, Фудань, Сингапур ұлттық университеті және Queen’s University Belfast профессорлары, сондай-ақ БҰҰ сарапшылары жүргізеді.

Өтінім беру бағдарламаның ресми парақшасы арқылы жүзеге асады.

Birlink атауы қазақ тіліндегі бірлік және ағылшын тіліндегі link – «байланыс» сөздерінен құралған. Бастаманы Нархоз Университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебі жанындағы Жаһандық диалог және көпжақты зерттеулер институты жүзеге асырады.

– Нархоз – БҰҰ-ның “Академиялық ықпал” (Academic Impact) бағдарламасы аясындағы №16 Тұрақты даму мақсаты бойынша Жаһандық орталық төрағасының орынбасары. Біз бұл мәртебені нақты білім беру жобаларымен бекіткіміз келеді. Birlink арқылы Алматыдағы БҰҰ Өңірлік орталығының жұмысына көмектесіп, Орталық Азияға қажет жас мамандарды даярлауға дайынбыз, – деді Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет.

Алдағы уақытта Нархоз бағдарламаны Ауғанстанға кеңейтіп, осы елдің жастарына «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бір семестр білім алуға грант беруді жоспарлап отыр.