Путин БРИКС қабылдауынан кейін Тоқаевты Үндістандағы резиденциясына шақырды

Сырым Қаржас
Getty Images мұрағаты

Қазақстан мен Ресей президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин БРИКС саммиті өтіп жатқан Нью-Делиде бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қабылдаудан кейінгі кездесу

Ресейлік БАҚ мәліметінше, мемлекет басшылары мен делегацияларға арналған салтанатты қабылдаудан кейін Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Үндістандағы резиденциясына шақырған.

Кремль екі президенттің кездескенін растады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай ұсыныс саммит барысында туғанын айтты.

– Президент Тоқаевты бейресми жағдайда еркін әңгімелесуге шақырды, – деді Песков.

Саммит Нью-Делиде өтіп жатыр

БРИКС саммиті 12-13 қыркүйекте өтіп жатыр. Оған ұйымға мүше елдердің басшылары мен өкілдері, серіктес мемлекеттер және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиге бір күн бұрын келді. Әуежайда Мемлекет басшысын Үндістан үкіметінің өкілдері қарсы алды. Қазақстандық делегацияның құрметіне ұлттық би көрсетіліп, құрмет қарауылы сап түзеді.

Тоқаевтың сапарында не жоспарланған?

Қазақстан Президенті сапар барысында «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы жалпы отырыста сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бірқатар екіжақты кездесуі өтпек.

Саммитке Владимир Путин, Си Цзиньпин, Масуд Пезешкиан, Сирил Рамафоса және Әбу-Дабидің тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян да қатысып жатыр.