«Мұндай әрекетке жол жоқ»: блогермен видео түсірген полицейлер жұмыстан кетті

Ulysmedia
Видео кадры

Астана полициясы шетелдік тревел-блогер Ахмед Хаггаговичтің желіде кең тараған видеосына түскен туристік полиция қызметкерлерінің жұмыстан шығарылғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тексерістен кейін қандай шешім қабылданды?

Полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша екі қызметкер де ішкі істер органдарынан босатылған.

Ведомство олардың қызмет барысында әдеп нормалары мен полиция қызметкеріне қойылатын мінез-құлық талаптарын бұзғанын мәлімдеді.

– Қызметтік міндет атқарып жүргенде, әрі форма киіп тұрған кезде мұндай әрекетке жол берілмейді. Полиция қызметкері кез келген жағдайда кәсіби арақашықтықты сақтап, қызметтік әдептен аспауға тиіс, – деп хабарлады Астана полиция департаменті.

Мән-жай

Бұған дейін әлеуметтік желіде Хан Шатыр маңында түсірілген видео тараған.

Кадрда блогер екі полиция қызметкерімен бірге билейді. Бір сәтте ол қыздардың бірін көтеріп алып, бірнеше рет айналдырады.

Видео Қазнетте қызу талқыға түсті.

Ресми мәлімдеме жасалғанға дейін біздің дереккөздер тексерістен соң қызметкерлердің куәліктері алынып, погондары шешілгенін хабарлаған еді.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жазаға үрлі пікір білдірді. Бірі туристпен аз уақыт билегені үшін жұмыстан шығару тым қатаң жаза деп санайды.

Ал енді бірі полиция қызметкерлері азаматтармен және ел қонақтарымен бейресми жағдайда сөйлескеннің өзінде қызметтік тәртіпті сақтауы керек екенін алға тартады.